Қостанай қаласының тұрғындары орталықта бой көтергелі жатқан шағын аудандардың құрылысына алаңдаулы. Шаһарға бір жағы көрік қосқанымен, құрылыс аумағындағы жеке секторлардың тұрғындарын сүрілетін баспаналарының құны желге ұшпасына кім кепіл деген сауал толғандырмай қоймайды.
“Бұл жерде сіздер үшін алаңдауға негіз жоқ. Ол жерлерге ертең жаңа ойын алаңдары мен балабақша, мектеп салынуы керек. Қаншама кепілгер, салымшылардың сұранысын қанағаттандыратын тұрғын үйлер бой көтергелі тұр. Біз үшін бұл жұмыстар кезек күттірмейді, тапсырыс берушілер сіздермен келісімге келіп, талап-тілектеріңізге сай бағаға сатып алуға дайын”, – деді Құмар Ақсақалов қала тұрғындарымен кездесуінде.
Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев ол жердегі халықтың нақты келесімінсіз ол шаруаның реттелмейтінін алға тартты.
“Сіздің үй тапсырыс берушінің аумағына ілігіп отыр ма?”, – деп қарсы сауал берді жаңадан бой көтергелі жатқан “Керемет” шағын ауданына жақын тұратын қала тұрғынына. – Олай болмаған жағдайда, әзірге сіздер тұрған жерлерге тиіспейміз.Белгілген тиісті аумағымыз бар. Тапсырыс түскен күнде ол маңдағы халықтың рұқсатын аламыз”.
Кездесуде бір тұрғын тұлғаларға берілген көше атауларының әу баста дұрыс қолданылмағанын айтып кейіді. Олай айтуы да заңды еді. Аманкелді Имановтың құрметіне аталған көшені құр Амангелді деп атап кеткеніміз қынжылтады. Ал Амангелді деген қай Амангелді екенін сырттан келгендер айыра алмауы мүмкін. Осы секілді мысалдар айта берсе қалада жетіп артылады.
“Айтып отырғаныңыз орынды. Алайда, оны алмастыру былай білінбегенімен, көп жұмысты талап етеді. Бұл бір күннің ғана шаруасы емес. Ономастикалық комиссияның талқысынан өтіп барып, республикаға хат жолдау керек. Жауабы келгенше күтеміз”, – деді Марат Қонысбайұлы.
Жиында инватаксидің жайы да сөз болды. Пайдаланушылар қызметіне наразылық айтып, бюджеттен арнайы қаржы бөлінер, бөлінбесіне көз жеткізгісі келді.
“Тапсырыс берушілермен бірлесіп қолға алынып шешілетін жағдай. Жыл сайын бөлінетін қаржысы да өсіп жатыр. Алдыңғы жылы отыз миллион теңге, былтыр қырық миллион теңге қарастылған. Биыл игерілуіне қарай өсімді тоқтатпаймыз. Әзірге өзін ақтап отыр”, – деп түйді Марат Жүндібаев.
Осы сауалдарды талқылап отырғанда елімізде “Құрметті азаматтарға” белгілі бір жеңілдіктер қарастырылмағана шағымданды.
“Бұл еңбегіне қарай берілетін халықтың азаматына деген құрметі. Жүрген жерінде осы атақ тұлғамен бірге жүреді”, – деп түсіндірді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Бұл туралы толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.
Әлібек Ыбырай
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков