Арқалық қаласына қарасты Родина ауылының тұрғыны мұқтаж жандарға көмек көрсетуде

Арқалық қаласына қарасты Родина ауылының тұрғыны мұқтаж жандарға көмек көрсетуде

Өткен жылы мемлекеттік бағдарлама негізінде Business.enbek.kz порталы арқылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар алуға өтінімдер қабылдау жүргізілген болатын. Арқалық қаласы мен қалаға қарасты ауылдардың тұрғындары осы мүмкіндікті пайдаланып, кәсіптің сан түрін ашты. Олардың қатарында қайтарымсыз грант алып, монша кәсібін дөңгелетіп отырған көпбалалы ана Әсел  Дәмешова да бар.

Әсел Анарқызы алты баланың анасы. Қалаға іргелес Родина ауылында тұрады. Негізгі мамандығы есепші. Ол тұрмысқа шыққанша мамандығы бойыншажұмыс істеген, кейін бала күтімімен үйде отырды. Сөйтіп жүріп, үйдің жанынан қандай да бір кәсіп ашуды ойластырып, ол үшін мемлекеттің көмегіне жүгінді.

Кәсібін енді ғана бастаса да  қайырымдылыққа ден қойып, көмекке мұқтаж жандарды моншаға ақысыз түсіреді.

«Родина ауылында тұратын көпбалалы отбасыларды, зейнеткерлерді, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұма күндері ақысыз моншаға түсіруге жағдай жасап отырмыз. Ниетіміз  – ол кісілерге аз да болса көмегімізді тигізіп, қолұшын беру. Жалпы, ауылымызда бұл кәсіпке сұраныс жоғары. Моншамызды күнде жақсақ та келушілер қатары үзілмейді. Еңбегіңе қарай табысы да жақсы. Біз сияқты көпбалалы аналарға қолдау білдіріп, кәсіппен айналысуға мүмкіндік беріп отырған үкіметімізге айтар алғысым зор», – дейді жеке кәсіпкер Әсел Дәмешова.

Еске сала кетсек, былтыр қала бойынша 17 адам мемлекеттік бағдарлама арқылы 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант иеленген еді.

Нәтижесінде –  бұрын істі неден бастарын білмей жүрген азаматтар шаштараз, жиһаз жасау, балмұздақ шығару, кондитерлік өнімдер, компьютер жөндеу, монша ісі, түрлі бұйымдарға жазулар мен суреттер басу, тігін цехы, массаж жасау, техника жөндеу орталығы, жылқы өсіру сынды сан түрлі кәсіптерін жүргізіп отыр.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу