Әулиекөл ауданында жеті елді мекеннің жолы жөндеуден өтпек

Әулиекөл ауданында жеті елді мекеннің жолы жөндеуден өтпек

Әулиекөл ауданында да соңғы жылдары жол жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Мәселен, өткен жылы өңірде 3,1 миллиард теңгеден астам қаржыға бірқатар ауылдардың кіреберіс және ауылішілік жолдары, суғарлар жаңартылды. Аудандық маңызы бар жолдардың жағдайы 90,6%-ға, ал елді мекендердегі көшелердің үлесі 61,4%-ға дейін артты. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таба бермек.

Қазіргі таңда аудандық маңызы бар автожолдарға, оның ішінде бірнеше ауылдардың кірме жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мысалы, Тұрғымбаев, Харьков, Новопавлов, Бағаналы ауылынан Қазанбасы станциясына дейінгі жолдар толық жөндеуден өтті. Жалпы төрт жобаға 125 миллион теңге бөлінді.

Көктал ауылына кірме жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы жұмысты жүзеге асыру үшін 1,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген, оның ішінде өткен жылы «Элит Пласт Строй» ЖШС мердігерлік ұйымы 34 шақырымнан 11 шақырымын жөндеді және 416 миллион теңге игерілді. Қалған 23 шақырымның жөндеу жұмыстары биыл жалғасады.

Сондай-ақ, Первомай ауылына кірме жолға да орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұл жобаның қалған бөлігін жөндеу биыл жоспарланған, қаржыландыру сомасы 164,2 миллион теңгені құрайды. Құсмұрын кентіне апарар жол да орташа жөндеуден өтеді, оған 220 миллион теңге бөлінді.

Аудан әкімі Жансұлтан Тәукенов:

«көктемгі су тасқыны кезінде ішінара зақымдалған бес су өткізу құрылысына ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Құсмұрын кенті мен Новопавлов және Көктал ауылдарының кірме жолдары жөнделді, бұл жұмыстарға 112,5 миллион теңге бөлінді», – дейді.

Былтыр Әулиекөл, Москалев, Диев, Тимофеев, Новоселов, Новонежин, Чернигов ауылдары мен Құсмұрын кентіндегі 15 көше орташа жөндеуден өтті. Бұл жұмыстарға мемлекеттік бюджеттен 1 миллиард 160 миллион теңге бөлінді. Биыл жол жөндеу жұмыстарының барлық түрлеріне 3 миллиард теңге бөліну жоспарлануда.

Ауыл көшелері де назардан тыс қалмайды. Биыл ауданның 7 елді мекенінде жалпы сомасы 972,5 миллион теңгеге 24 көше жаңартылатын болады. Бұл жұмыстар көлік қатынасының жақсаруына, халықтың өмір сүру сапасының артуына әсер ететіні сөзсіз. Жолымыз даңғыл болса, өміріміз мәнді, тұрмыс та сәнді болары анық.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Әулиекөл ауданы