Белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Аманжол Күзембайұлының 80 жас мерейтойына орай «QAZBILIM» ұлттық лицейінде танымдық-тағылымдық мәні мол кездесу болып өтті.
Ғалымның 80 жылдығына арналған кешке Қостанай облысының зиялы қауым өкілдері ақын, жазушы, драматург А. Шаяхмет, ҚР Білім беру ісінің үздігі Б. Сүйінкина, ҚР ауыл шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері, экономика ғылымдарының кандидаты, белгілі диқан – кәсіпкер И. Естайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, философия ғылымдарының (PhD) докторы, қауымдастырылған профессоры Р. Байдалы, «Қазақ тілі» қоғамы бірлестігінің ҚОФ төрағасы. З. Санай, ақын, драматург, сатирик, аудармашы, А. Мауданов, Ы. Алтынсарин атындағы музейдің басшысы М. Оспанов және аталмыш музей басшысының орынбасары, айтыскер ақын С. Өтелбаева сонымен қатар «QAZBILIM GROUP» компаниясы басқарма төрағасы @qazbilim ұлттық мектептер жобасының жетекшісі А. Ахметжанұлы және «QAZBILIM» ұлттық лицейінің оқушылары қатысты.
Кеш шымылдығы «QAZBILIM» ұлттық лицейінің мектепшілік домбыра үйірмесінің қатысушылары мен жетекшісі,музыка пәнінің мұғалімі Н. Болатденұлының орындауындағы «Ерке сылқым», «Балбырауын» күйлерімен ашылды.
Кездесу барысында Аманжол Күзембайұлы өзінің тарих саласына келу жолын әңгімелеп, сүйікті ісі, мамандығы, кәсібі бойынша ұзақ жылдар бойы жоғары оқу орындарындағы ұстаздық қызметі жайында сөз қозғады. Оқушылар ғалымның өзін қазақтың белгілі тарихшылары, Ермұхан Бекмаханов, Әмір Қанапин, Оразақ Смағұлов және нағашысы Манаш Қозыбаевтың шәкірті болғаны турасында мақтанышпен айтқан әңгімесін ұйып тыңдады. Бұдан әрі сөз алған кездесуге жиналған қонақтар да Аманжол Күзембайұлының «Қазақ тарихын» пән ретінде жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасына енгізуге көп еңбек еткенін тілге тиек етіп:
«Отанын шын сүйген тарихшы ғана халқының шынайы тарихын жаза алады» деген пікірлері мен жылы лебіздерін білдірді.
Шараға қатысқан өскелең ұрпақ кез келген кездесуде тыңдала бермейтін айтылған деректерден құнды мағлұмат алды. Сондай-ақ ғалымныңшығармашылық өсу, жетілу жолы жайындағы әңгімесінен алға қойған мақсатқа жетуде ешқашан шегінбеу, мойымау керек екендігін, алдыңа қойған мақсаттан тайынбасаң алынбас қамалдың да жоқтығынан бір ой түйді.
Лицей басшылары тарапынан ғалымға «Жасай беріңіз, әлде де тарих қойнауында қалған жаңалықтарымызды елге сыйлай беріңіз» деген ізгі тілектер айтылып, қазақтың дәстүрімен иығына шапан жабылды.
Анель Есназарова,
«QAZBILIM» ұлттық лицейінің
11 сынып оқушысы