Арқалық – Астана» бағытындағы пойызға жаңартылған вагондар қосылды

Арқалық – Астана» бағытындағы пойызға жаңартылған вагондар қосылды

Әзірге жолаушылар пойызына қосылған екі вагон бар. Іші-сыртына реставрация жасалғандықтан, адам танымастай өзгерген.

Жолаушыларға жайлы болу үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Жаңадан «жол пакеті» енгізілген, оның ақысы билет бағасына кірмейді.

  «Кейінгі кезде компания тарапынан халық үшін көп жұмыстар жасалып жатыр. Бұл вагондарда жоғары кернеулі ток бар. Болашақта мультимедиялық контент орнатпақшымыз. Жолаушылар жол қысқартып, жайлы демалып, фильм көре алатын болады», – дейді №655/656 «Нұрлы жол – Арқалық – Нұрлы жол» пойызының басшысы Данияр Керім.

Пойыздағы жаңашылдыққа жолаушылар да ризашылықтарын білдіруде.

  «Бүгін жаңа вагонға мініп, Астанаға жол жүріп барамын. Бұрынғыдай емес, мұнда жайлылық бірден байқалады. Ескі дүниелердің бәрі жаңартылған екен. Әрбір келген адамға төсеніш-жаймалармен бірге жол пакетін ұсынып жатыр. Мұның бәрі елге жасалып жатқан қамқорлық деп білеміз», — дейді арқалықтық тұрғын Назымбек Рахметов.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор