Арқада өткен спорт додасы

Арқада өткен спорт додасы

Биыл қамыстылықтар ХХХVІ жазғы спартакиаданы өткізуге ерте бастан қамданды. Соған орай спорттық бәсеке өтетін Арқа елді мекенінде әлеуметтік нысандар бой көтеріп, орталық көшелер жөнделді, жарық шамдары орнатылды. Ауыл спортшыларының басын қосқан дүбірлі додада баскетбол, жеңіл атлетика, еркін күрес, қазақ күресі, волейбол, ату, гір көтеру, футбол сынды жарыс түрлерінен күш сынасты.
Араға 20 жыл салып аудандық жазғы спартакиада бұл елді мекенге қайта оралды. Спорттық іс-шараның ашылу салтанатына жиналған халықтың қарасы қалың. Екі күнге жалғасқан бәсекеде барлығы 9 ауылдық округтен келген командалар сынға түсті.

– Спартакиада тарихы сонау 1986 жылдан бастау алса да, араға 20 жыл салып, аудандық басты жарыстың дәл осы мекенде өтуі тек Арқа үшін ғана емес, бүкіл Қамысты тұрғындары үшін де қуанышты мереке деп ойлаймын. Спорт қай заманда да аудан халқының тәртіп пен берекелі тірлікке үндейтін ортақ сайысы болып қала бермек. Тұрғындардың әл-ауқатының басты көрсеткіші – ұлт саулығы десек, оны нығайту мен салауатты өмір салтын қалыптастыруда спорттың алар орны ерекше. Дені сау ұлт қана бәсекеге қабілетті бола алады. Осы орайда, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытуды мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының біріне айналдырды. Бұл бағытта аудандық әкімдік те бірқатар шаралар өткізуде. Жастар арасында бұқаралық спортты дамытуда спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығаюда, үлкен спорт нысандарында күрделі жөндеулер жүргізілуде. Ашық аспан астындағы алаңдар саны артып, аудандық және облыстық деңгейде осындай додалар жиі ұйымдастырылуда, – деп атап өтті аудан әкімі Ерлан Жаулыбаев ашылу салтанатында.

Спорттық шарада еліміздің Мемлекеттік Гимні ойналып, шашу шашылды. Жазғы спартакиаданың алауы жағылып, жарыстарға жеребе тартылды.
Қамысты ауданы спартакиадасының туын Арқа ауылдық округінің танымал спортшылары Радмила Газизова, Алтынбай Досмұхамбетов, Наталья Ткачук, Инга Габрусёнок, Дмитрий Чернов, Жақия Рахымовтар көтеріп шықты.

– Осы ауылда өмірге келдім. Қостанай педагогикалық институтын тәмамдап, туған жерімде алғаш еңбек жолымды бастадым. 1987 жылы дәл осы стадионда бірінші аудандық спартакиада өтті. Мен сонда стадион меңгерушісі болдым. Содан бері зейнетке шыққанша мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ бердім. Осы спорттық додаға қатысып жатқандардың дені – менің шәкірттерім. Спорттық шараның алауын жағуы мен үшін үлкен құрмет. Өзімнің туған ауылымда спортқа баптаған шәкірттерімді көргеніме сондай қуаныштымын. Спорт өшпесін, әр ауылда спортпен шұғылданатын жастар көбейсін! – деді спорт ардагері Алпысбай Тілеубаев.

Жүз елуге жуық спортшының басын қосқан спорттық сайыс басталды. Ең бірінші болып әйелдер арасында баскетболдан спортшылар сынға түсті. Алдымен Адаев пен Қамысты ауылдарының нәзік жандары сынға түсті. Екі команда да бір-біріне дес берер емес.

Спорт алаңында топты алғашқы болып Адаев ауылдық округінің командасын ауыл әкімі Бахытжан Рахымжанов бастап шықты. Айта кету керек, ауылдық округтің командасы волейбол, футбол, жеңіл атлетикадан өз жетістіктерімен танымал. Аталған команданың үздік спортшылары – Владислав Малий, Арман Досанов, Роман Амиров, Руслан Магамедходжиев, Самат Төлебаев, Виктор Маевский, Олег Овчиников, Алмас Мавлютов, Әмірхан Молдағазин, Андрей Спижарский, Иван Горовой, Антон Косякин, София Ахмадишина, Валерия Савчук, Әмір Манатов, Ксения Панова, Ангелина Мартышкина, Қайрат Әлімбаевтар. Александр Шварцкопф – Өскемен қаласындағы «Алтай» кәсіби волейбол клубында өнер көрсетеді.

Аудандық жазғы спартакиаданың қорытындысы бойынша командалық есепте Қамысты селолық округінің командасы жеңімпаз атанды. Ал, екінші орынға спартакиада қожайыны Арқа ауылдық округі жайғасса, үшінші орынға Алтынсарин селолық округі табан тіреді.

Қамысты ауданындағы жоғары жетістіктері мен спортты дамытуға үлес қосқаны үшін жекпе-жектен спорт шеберіне үміткер Әділет Жақсыбай, қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері Бекжан Аманов, дзюдо күресінен спорт шеберіне үміткер Мұрат Жанабаевтар Қамысты ауданы әкімінің грамотасымен наградталады.

Ал, ағайынды Жазықбаевтардың «BRO» дуэті, Елубай Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының әншісі, көптеген байқаулардың жеңімпазы Бейбарыс Тойшин мен жергілікті өнерпаздар спорттық шараның сәнін келтірді.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген Дина НҰҒМАНОВА

Қамысты ауданы

Жаңалықтармен бөлісу