АРМАН АЛЫСТАРҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

АРМАН АЛЫСТАРҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Еліміздегі талантты жастарды қолдау, олардың бойындағы қабілеттерін ұштай түсу Н.Назарбаев қорының негізгі мақсаты. Озық ойлы азаматтарды ұдайы демеп келе жатқан аталған Қор мүмкіндігі шектеулі жандарды да ұмытқан емес. А.Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университетте дәріс оқыған астаналық меймандар ұйымның қолға алған жұмыстарының бір парасымен таныстырды. Кездесу барысында қонақтар университеттің кітапхана қорына “Әлем адамы” кітабын тапсырды.

– Біздің қор жиырма жылдан астам уақыт ішінде білім және ғылым, әлеуметтік қорғау, медициналық инклюзия саласында өте кешенді жобаларды жүзеге асырып келеді. Оның ішінде Қостанай облысының алатын орны ерекше. Себебі, осы жиырма жылдың ішінде елуге жуық қостанайлық студент қордың стипендианттары атанды. Біз тек мұнымен ғана шектелген жоқпыз. Қордың қамқорлық бастамалары шеңберінде өңірде аутизмге қарсы емдеу орталығын, ерте араласу орталықтарын аштық. Бұған дейін біз Рудный қаласында үлкен реабилитациялық орталықты пайдалануға бергенбіз. Осы екі жылдың ішінде ДЦП-мен ауыратын 1 мен 18 жас аралығындағы 1200 бала толыққанды 21 күндік ем алып шықты. Оның ішінде 120 бала өздерінің алғашқы қадамдарын жасады. 163 бала сөйлеу қабілетіне ие болды. Бұл Қостанай өңіріндегі біздің жұмыстың ең бір нәтижелі көрсеткіші деп білемін,- дейді Н.Назарбаев қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұлан.

Қор мүшелері үш күн бойы А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің базасында шеберлік сабақтарын өткізді. Яғни, журналистикадан бастап ІТ-мен стартаптарды жүзеге асыру, ауыл шаруашылығы, жануарлар мен өсімдіктер бойынша ең мықты мамандар, сондай-ақ, жергілікті музыка колледждерінде Астана – опера солистерінің шеберлік сабақтары өтіп жатыр. Мәселен, КРУ кітапханасында журналист, медиатехнолог және медиа сарапшы Мирхат Әжіғалиевтің “БАҚ үшін материалдарды кәсіби дайындау” және “Әлеуметтік желілердегі PR ілгерілету” шеберлік сабақтары өтті.

Семинарды инновациялық және стартап жобалар тақырыбында smart city Astana IT University ғылыми-зерттеу орталығының директоры Д.Еділхан, С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграртехникалық университетінің “Өсімдіктерді қорғау және карантин” кафедрасының доценті, биология ғылымдарының кандидаты В. Хасанов өткізді. Әлеуметтану магистрі, әлеуметтанушылар мектебінің басшысы А.Сәрсекеева “Әлеуметтанулық зерттеу жұмыстарына арналған құралдар” тақырыбында болашақ мамандармен ой бөлісті.

Мұның барлығы облыстағы өнер, ғылым мен білім саласындағы мамандарды кәсіби шыңдауға септігін тигізері сөзсіз. Қордың қайырымдылық шеңберінде ұйым жетекшілері Қостанайдағы есту қабілеті төмен, көздері нашар көретін қоғам мүшелерімен кездесіп, әрқайсысына 2,5 млн теңгеден грант берді.

Жаңалықтармен бөлісу