Ардагерлер құрметке бөленді

Ардагерлер құрметке бөленді

Кітапханада көп жылдар еңбек еткен Мая Салецкаяның жасы бүгінде тоқсанға таяған. Оның ұзақ жылын шалғай жатқан Торғай жерінде өткізген көнекөз қария қазақшаны судай сапырады. Жаны балаша нәзік болуының да себебі бар. Балалар әдебиетіне өте жақын. Кейін ішке қарай жақындап, Науырзым ауданына қоныс аударды. Аудандық кітапхананың балалар әдебиеті бөлімінде қызметін жалғастырған ол, көзге онша көріне бермейтін мамандық иелерінің қоғамда орны зор екендігін айтумен келеді. Қарттар күні мерекесінде әріптестерінің құрметіне бөленгендердің де ең егдесі осы Мая апай.

Кезінде ауданда кітапхананы отыз жылдай басқарып келген Елена Шенмаер де замандасының пікіріне қосылатынын айтады.

“Кітапхананың жұмысы көзге көрінбейтін ғажайып әлем. Бар іздегеніңді осы жерден табасың. Өмірде болатын дүниелерді өткенмен саралап, басқа кеңестікке саяхат жасағандай күй кешесің”, – дейді ол.

Мерекелік кешке жиналған Фанил Шархиев, Наталья Дармарезова, Гүлсім Қасымжанова, Балқия Күмісбекова, Татьяна Васильева сынды зейнеткер әріптестеріміз жастарға үлкенді сыйлап, өмірдің өнегесін үйренуді насихат еткен жандар.

Іс-шара барысында тамырын тереңге жайған бәйтеректей бір-бір әулеттің тірегі болған меймандарымыз, ел-жұрттың арқа сүйер ақылшысы ретінде қоғамда үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету керектігін түсіндірді. Ардагерлерге сый-сияпат көрсетілді.

 

Балмекен Шәкібаева,

оқырман залының кітапханашысы.

Науырзым ауданы

 

Жаңалықтармен бөлісу