Ақын Серікбай Оспанұлы: «Құрылтай сайлауы – ел өміріндегі маңызды оқиға»

Ақын Серікбай Оспанұлы: «Құрылтай сайлауы – ел өміріндегі маңызды оқиға»

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қазақтың көрнекті ақыны, Ыбырай Алтынсариннің мұрасын зерттеуші ғалым Серікбай Оспанұлы жұбайы Гүлзада Мешітбайқызымен бірге №72 сайлау учаскесіне таң ертемен келіп, дауыс берді.

Тобыл-Торғай өңірінің руханиятына өлшеусіз үлес қосып жүрген ақын бүгінгі тарихи оқиғадан тыс қалмай, азаматтық ұстанымын ашық білдіруде белсенділік танытты. Маңызды күні жұбайы Гүлзада Мешітбайқызымен бірге сайлау учаскесіне ертемен келіп, жас толқынға үлгі болды. Ақынның айтуынша, саяси үрдіске қатысу әр азаматтың ел алдындағы перзенттік парызы.

«Ертеде дауыс беру үрдісі той сияқты думандатып өтетін. Біздің ауылдың адамдары кеңшардағы дауыс беру учаскесіне ат шанамен баратын. Туған жерім Балдай қонысынан Шиліге дейін 25 шақырымдық жер. Үйдегілер қыстың күні ат шанамен барып дауыс беретін. Ата-анам мені орап, шанаға салып алатын көрінеді. Қарап отырсам, 5 жасымнан бастам үйдегілермен бірге сайлау науқанына куә болыппын. Қазір енді мүлде басқа заманда өмір сүріп жатырмыз. Электроника дәуірі. Сайлауға қатысты барлық ақпарат көз алдыңызда. Учаскелердің іші қандай тамаша. Еліміздің экономикалық ахуалы да жылдан-жылға жақсарып келе жатыр.  Әсіресе, Қостанайдың жағдайы қарқынды. Күні кеше «Баян сұлу» фабрикасының «Кондитерлік Астана» атты жаңа өндіріс орны іске қосылды. Өндіріс кешенінің ашылу салтанатының куәсі болдық. Отандық өндіріс дами берсін, ел іргесі бекем болсын. Ұрпағымыздың жарқын болашағы үшін саяси науқаннан шет қалмай, дауыс беруге келдік», — деді ақын Серікбай Оспанұлы.

Елдегі саяси үрдістерден қалыс қалмай, үн қату әр азаматтың жауапкершілігі. Бұл сөзімізді ақынның жұбайы да мақұлдады.

«Тәуелсіз еліміздің кемел келешегі үшін өз даусымызды бердік. Құрылтайдың төріне қарапайым халықтың қамын жейтін ойлы, іскер, жанашыр азаматтар келсін. Әділетті Қазақстанның іргетасы берік болғай»,-деді ардақты ақынның аяулы жұбайы Гүлзада Мешітбайқызы.