Аңыз кейіпкерлері Тана мен Танай дауыс берді

Аңыз кейіпкерлері Тана мен Танай дауыс берді

Қостанайдағы №18 сайлау учаскесіне ұлттық киім киген егіз қыздар келіп, көпшіліктің назарын аударды. Гүлназ бен Дильназ Мадияровалар бұл күнге Тана мен Танайдың бейнесін таңдаған.

Қос қыздың таңдауы да тегін емес. Ел арасында Қостанай атауының шығуына қатысты Тана мен Танай есімді егіз қыздар туралы аңыз бар. Тобыл өңірінде өмір сүрген қос қыз батылдығымен ел жадында қалған деген аңыз бүгінге дейін айтылып келеді.

blank

Бүгінде Тана мен Танайдың бейнесі Қостанайдың тарихы мен мәдениетін танытатын символдардың біріне айналған.

Гүлназ бен Дильназ да осы тарихи образ арқылы бүгінгі маңызды қоғамдық оқиғаға өзінше үн қосуды жөн көрген.

«Тана мен Танай – Қостанай атауының шығуына байланысты аңыздың кейіпкерлері. Біз оларды азаматтық жауапкершілікпен байланыстырдық. Әр азаматтың дауысы маңызды деп ойлаймыз. Сондықтан Құрылтай сайлауына өз таңдауымызды жасап келдік. Бұл – алғаш рет дауыс беруіміз», — дейді Гүлназ Мадиярова.

Егіздің сыңары Дильназдың айтуынша, қыздар Тана мен Танай образын интернеттен көріп, сайлау күні дәл осылай киініп баруға шешім қабылдаған.

blank

«Биыл жоғары оқу орнын аяқтадық. Интернеттен Тана мен Танайдың образын көріп, осы кейіпте бірге келіп дауыс беруді шештік. Құрылтай сайлауына қатысуды жөн көрдік. Әр адамның дауысы маңызды. Біз де өз таңдауымызды жасадық», — дейді Дильназ.

Осылайша егіздер ұлттық нақыштағы киімімен ғана емес, тарихи аңызды бүгінгі күнмен сабақтастырған ерекше бастамасымен де ел назарын аударды.

blank

23 тамызда Қазақстан азаматтары Құрылтай депутаттарын сайлау үшін дауыс беріп жатыр. Қостанайдағы сайлау учаскелерінде де дауыс беру процесі жалғасуда.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Суреттерді түсірген – Василий Васильев