«Дауыс» қоғамдық бақылаушылар коалициясының Қостанай облысындағы филиалының төрағасы Диана Рақпанова енді басталып жатқан науқан барысы туралы пікір білдірді.
Оның ақпараты бойынша, «Дауыс» жүйесі бойынша Қостанай облысында 1 398 бақылаушы, оның ішінде Қостанай қаласында 188 бақылаушы тіркелген. Ал барлық ашық сайлау учаскесінде қоғамдық бақылаушылар коалициясынан екі бақылаушыдан жұмыс атқаруда.
«Біздің барлық бақылаушымыз сайлау процесін бақылау бойынша арнайы оқудан өтті. Олар бақылаушылардың құқықтары мен міндеттерін, бақылау жүргізу тәртібін, сондай-ақ форс-мажорлық жағдайлар туындаған кезде әрекет ету алгоритмін толық біледі. Бақылаушылар облыстағы барлық ашық сайлау учаскелерінде жұмыстарын бастады. Ал өзімнің міндетім – «Дауыс» қоғамдық бақылаушылар коалициясының Қостанай облысы бойынша филиалының төрағасы ретінде өңірдегі барлық бақылаушылардың жұмысын үйлестіріп, сайлау барысына жалпы мониторинг жүргізу», – дейді Диана Рақпанова.
Ол күні бойы сайлау учаскелерінен келіп түсетін ақпаратты бақылап, өңірдегі жалпы жағдайды қадағалап отыруды міндетіне алғанын айтады. Қажет болған жағдайда бақылаушыларға жедел түрде әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсетіп, олардың жұмысын үйлестіру де төрағаның жауапкершілігінде. Оның айтуынша, дауыс беру науқаны ойдағыдай басталып, заң талаптарына сай жүріп жатыр.
