Аппеляциялық шағымы қанағаттандырылмады

Аппеляциялық шағымы қанағаттандырылмады

Қостанай облыстық соты Қайыржан Әлімбайдың аппеляциялық шағымын қанағаттандырмады. Судья Мадина Саламатова Қостанай аудандық сотының шығарған үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Болған жағдайды қысқаша баяндасақ, 2021 жылдың қараша айында Рудный-Қостанай тасжолында 3 адам қаза тапқан жол апаты болған еді. Куәгерлердің сөзіне сүйенсек, Kia автокөлігі алдында келе жатқан lada priora-ны басып озғысы келгенде жанай соғып, қарсы бағыттағы өзге көлікпен бетпе-бет соқтығысқан. Апат салдарынан Kia-ға соғылған көліктегі төрт адамның үшеуі көз жұмған.

Оқиғаға қатысты іс екі жылдай қаралып, 2023 жылдың 20 қазанында Қостанай аудандық сотының судьясы Саят Абатов Қайыржан Әлімбайды ҚР ҚК 345 бабының 4-бөлігі бойынша айыпты деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырды.

Сотталушы тарап сот шешімімен келіспей, Қостанай облыстық сотына аппеляцияға берген болатын. Қ.Әлімбайдың қорғаушысы Гүлмира Казармина сараптама дұрыс жүргізілмегенін айтады.

                – Жеке кәсіпкер Анатолий Ли (“Автоюрист. kst”) оқиға орнына бармай-ақ соққы орынын және олардың жанасу бұрышын белгілеген. Ол сот-медициналық сараптама бағдарламасы “PC CRASH EXPERT” арқылы сараптама жасаған. ЖКО схемасы бойынша да автокөліктердің бастапқы жанасу нүктесі белгіленбеген. А.Ли сотта оны растады. Екіншіден, бұл бағдарлама күн райы қолайсыз болғанда, көктайғақ немесе тасжолдың бетінде қар жатқанда нақты дерек шығара алмайды. Сараптама қате, – деді қорғаушы.

Қаза тапқандардың жақындары сотқа келіп Қайыржан Әлімбайдың жазықсыз екенін айтып, куәлік берді. Олар іске нағыз кінәлі адам бостандықта жүр дейді.

            – Ешқандай жазығы жоқ адам қамауда отыр. Кінәлі адам еркіндікте жүр. Тергеу барысында Қайыржан Әлімбайды бас бостандығынан айырмауды айттық да, жаздық та. Күн сайын апат орын алған орыннан өтемін. Екі жыл уақыт өтсе де оқиғаның қалай болғаны есімде. Көлігінің артқы доңғалақтары қысқы маусымға ауыстырылмағандықтан айыпты болған шығар, бірақ ол үшін жазаны жалғыз өзі өтеуге тиісті емес. Бұл оқыс оқиғаға Абировтың көлігі кінәлі, – деді көлікте жалғыз тірі қалған Дастан Қасенов.

Марқұмдардың өзге туыстарды да Қайыржан Әлімбайдың кінәсіз екенін айтып, соттан оны босатуды сұрады.

Жәбірленуші Kia автокөлігінің иесі Абировтің қорғаушысы аппеляциялық шағымды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады.

            – Қостанай аудандық сотының шығарған үкімі толық заңды. Істің барлығы бірінші сатыдағы сотта зерделенді, тексерілді. Сот қатысушыларына бірнеше рет сұрақ қойылды. Қ.Әлімбайдың көлігі Абировтің көлігін жанама емес, қатты соқты. Салдарынан Абиров қарама-қарсы бағытқа шығып кетті, – деді Абировтың қорғаушысы.

Мемлекеттік айыптаушы да Қостанай аудандық сотының үкімін заңды деп санайтынын жеткізді.

            – Іс бойынша жинақталған дәлелдемелер кімнің кінәлі екенін растады. Болған оқиға Қайыржан Әлімбайдың неқұрайлығынан орын алды. Әлімбай жылдамдықты 90 шақ/сағ сақтап отырса да, жолда жүру ережесінің 10.1 тармағын бұзған. Сол себепті аппеляциялық шағымды қанағаттандыруға негіз жоқ, – деді мемлекеттік айыптаушы.

Қостанай облыстық сотының судьясы Мадина Саламатова қылмыстық іс бойынша аппеляциялық шағымға қатысты шешім шығарды.

            – Қостанай аудандық сотының 2023 жылдың 20 қазандағы Әлімбай Қайыржан Маратұлына қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалдырылсын. Сотталған Әлімбайдың оның қорғаушылары және жәбірленушілердің аппеляциялық шағымдары қанағаттандырылусыз қалдырылсын, – деді судья М.Саламатова.

Судья Қайыржан Әлімбайдың жақсы жағынан сипатталатыны, оқиғаның абайсызда орын алғаны ескеріліп, ең төменгі жаза 5 жыл тағайындалғанын айтты. Қылмыстық кодекстің санкциясы бойынша бас бостандығынан айыру түрінде жаза белгіленетінін мәлімдеді. Негізінде ең ауыр жаза 10 жыл. Бұл бап балама жазамен алмастырылмайтынын айтты.

Қаулы жарияланған күннен бастап заңды күшіне енеді. ҚР Жоғары сотына шағым түсіруге болады.

Қайыржан Әлімбайдың анасы Қазақстан Республикасының Жоғары сотына шағымданатынын жеткізді.

            – Баламның орны түрме емес. Ешқандай әділдік жоқ. Балам сотқа куәгер ретінде шақырылды, бір жеті өткен соң айыпталушы болып шыға келді. Мемлекеттік сарапшының сараптамасы негізге алынбай, жекеменшік сарапшының қорытындысы қабылданды. Оған ақшаны Абиров төледі. Ал, Абиров болса сотқа қатыспады, тек қорғаушысы қатысып келеді. Жәбірленушілердің өздері баламның кінәсіз екенін айтып отыр. Ешкім тыңдамайды. Абиров та жазалануы тиіс, – деді Қайыржан Әлімбайдың анасы.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген автор

Жаңалықтармен бөлісу