Жаңа қоғамдық көліктер жолаушылар тасымалының жайлылығы мен қауіпсіздігі үшін тиімді. Іс-шара облыс әкімдігі алдындағы орталық алаңда өтті. Оған аймақ басшысы Құмар Ақсақалов қатысты.
“Қостанай қаласында халықты қалыпты деңгейде тасмалдау үшін күн сайын 200-ден астам автобус жұмыс істейді. Өкінішке қарай, олардың көбі ескірген. Соны негізге ала отырып, жыл басында қоғамдық көліктерді жаңарту мәселесі бойынша тиісті тапсырма берген едім. Бүгін Қостанай қаласының транзиттік әлеуетін дамыту мақсатында автобус паркі 59 жаңа автобуспен толықтырылды. Қазіргі таңда 37 жаңа автобус келді, қалған 22-сі 2024 жылдың қаңтар айында келеді. Заман талабына сай, халыққа тиімді автобустар ел игілігі үшін қызмет ететін болады. Тасымалдаушылардың шығынын азайтуға көмек ретінде бюджеттен субцидия бөлгенбіз. Мысалы былтыр 2022 жылы субцидия 2 млрд 300 млн теңге көлемінде қаржы төленді. Биыл 2023 жылы субцидия көлемін екі есе көбейтіп 4 млрд 200 млн теңгеге дейін жеткізіп отырмыз.Алдағы бірнеше жыл ішінде автобустардың көбін жаңартатын боламыз”, – дейді облыс әкімі Қ. Ақсақалов.
Кең және жайлы заманауи автобустардың бір мезеттегі сыйымдылығы 80 адамға дейін жетеді. Автобустар жылдың барлық климаттық жағдайына бейімделген.
Екі қабатты әйнек пен қосымша ішкі жылытқышпен жабдықтары орнатылған. Жылдамдықты шектеуге, қозғалыс аралығын бақылауға арналған GPS жүйесі және жиналмалы пандустары бар. Әрбір автобуста сегіз бейнебақылау камерасы, көлікте жүргізушіні шақыру түймесі және маршруттың нөмірі мен атауы көрсетілетін электронды ақпараттық табло орнатылған.
Бейбіт НҰРМҰХАНОВ
Суреттерді түсірген Б. КӨРКЕМБАЕВ