Ана – әрқайсымыз үшін қасиетті сөз, киелі ұғым. Менің де жаныма ең жақын адамым туралы аз-кем әңгімелеуіме мүмкіндік берген газет редакциясына зор алғысымды білдіргім келеді.
Анам – Камила Кенжеғалиқызы Жақыпова – 1922 жылы бұрынғы Таран, қазіргі Бейімбет Майлин ауданының Мыңатыз ауылында дүниеге келген. Өркені кең үлкен отбасының тұңғыш баласы екен. Әкесі оны Қостанайдағы мектепте оқытуға алып барыпты. Кейін ол педагогикалық училищеге түскен. Оны ойдағыдай аяқтаған соң өзі туған аудандағы мектептердің біріне математика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасты.
Ол әкем екеуі 1946 жылы тамыз конференциясында танысыпты. Содан көңіл жарастырып, шаңырақ көтерген. Ес біліп, есейген шағымда үйімізге анамның бұрынғы оқушылары үнемі сәлем бере келетін. Мұғалімдерін қаумалап алып, алғыстарын жеткізіп, анамның олар үшін аса беделді болғанын айтатын.
Анамдың біз үшін де беделі биік еді. Ол көп сөйлей қоймайтын. Қатулау қабағымен бір-ақ рет қараса, бәрі орын-орнына келе қалушы еді. Оның көрші-қолаңмен сыпсыңдасып, әңгіме сапырып отырғанын көрген емеспін. Ірілі-ұсақты әуре-сарсаң, қам-қарекетке толы күндер әулетімізде аз болған жоқ. Сонда да үйіміздің есігі қонаққа ұдайы ашық тұратын. Аудан орталығына әлдебір анықтама алуға немесе ауруханаға қаралуға келген көптеген туған-туыс, таныс-тамыр біздің шаңыраққа түсіп, қона жататын. Әлбетте, анамның бұрқ-сарқ қайнаған самауыры, ыстық бауырсағы, май-қаймағы және иісі мұрын жаратын бапты бешбармағы үнемі әзір болып тұратын-ды.
Анашым біздің сабағымызды, оқу үлгерімімізді ылғи өте мұқият қадағалап отырды. Оның көп жыл мектептің ата-ана комитетінде болғанының себебі де содан шығар…
Талан-тараж, бай-манаптардың мүлкін тәркілеу науқаны аяусыз жүргізілген Қазан революциясы ызғарының өтінде балалығы басталып, екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі нәубетті қара жұмыс азабымен жастығы тұспа-тұс келген анамның ұлан-ғайыр ғұмырбаянын бірнеше тармақ сөзге сыйғызу мүмкін емес.
Небір бейнетті бастан кешірсе де, қанша ауыртпалық иініне түссе де ол келешекке деген Сенімін еш уақытта жоғалтып көрмеген. Еліміз Тәуелсіздік алған 90-шы жылдардың ауыр жылдарында ол: «Мұны ең қиын кезең деуге болмайды. Нағыз азапты замана артымызда қалды. Бастысы, еркіндігіміз қолымызда, сондықтан бәріне төзу керек», – деп отыратыны есімде. Адалдық, қарапайымдылық және қанағат, әр нәрсенің шамасын білу, парқына жету – міне, менің ата-анамның өмірлік кредосы осы! Олар менің таяныш-тірегім, өмірімнің ең маңызды мағынасы болды! Ата-анамның менімен мақтанғанын әрқашан қалайтынмын.
Бүгінде қолымыздан келері – осы ардақты жандарға тағзым етіп, дұға тілеп, мәңгілік ақ алғысымызды айтып отыру! Рухтары шат болғай!
Тамара Жақыпова,
Философия ғылымдарының кандидаты