Мәңгі дос сен ғана…

Мәңгі дос сен ғана…

Менің анам Қасымжанқызы Гүлбаршын шыр етіп, дүние есігін ашқанда әкесі Алпамыс батырдың жарына ұқсасын деп, есімін Гүлбаршын қойса керек.

Ақылымен дара, көркімен көрнекті, отбасының берекесін кіргізуші, қолы алтын нәзік жан. Ол әкем екеуі 6 перзент тәрбиеледі. Әрбіріміз үшін оның жөні бөлек, құрметіміз де ерекше. Анам – өмір темірқазығы. Құдайға шүкір, бала-шағасының, немере-шөберелерінің ортасында айтулы жасқа келіп, жақсы өмір сүріп жатыр.

Ол жан-жағын қоршаған қалың орманы бар, іші тұнып тұрған жеміс-жидек, ауасы жанға шипа Қайыңсай деген ауылда туып-өскен. Өзінің ата-анасынан дұрыс тәрбие алған. Ұяда көргенін ілді. Әкемізбен 64 жыл отасты. Анам өзінің анасын қолына алып, 20 жыл аялап, бақты. Көңіліне кірбің түсірмеуге тырысты. Еңбекқор әжеміз есесіне бәрімізді еңбекке үйретті. Ешкімнің ала жібін аттамауды, адал болуды, қайырымды, ізгі істерге ұмтылуды қаперімізге мықтап түйді. Анам бала кезімнен қазақтың салт-дәстүрін бойыма сіңірді. Кілем тоқып, текемет басуды, май шайқап, құрт езуді үйретті. Ұлттық құндылықтарды әлі күнге дейін насихаттап отырады.

Мен өзімнің осындай Анам бары үшін тағдырыма ризамын. Өзім де сол кісі секілді мейірімді, қайырымды болуға тырысам. Бұл қасиет анамның сүтімен бойыма дарыған. Сәби кезімде әр нәрсенің байыбына бойлай алмағандықтан болар, әлемде ең ақылды, ең сұлу жанның тап қасымда жүргенін жете сезіне білмеппін. Қазіргі күні де күнделікті тіршіліктің күйбеңімен жүргенде анамызды жанымызда мәңгі жүретіндей көретініміз рас. Сондықтан алғаш көзімді ашқан кезде бауырына басып, «балам» деген анаңның әлдиі, бүтінін беріп жартысын алған, барын беріп жоғына қанағат танытқан жанның көз жасын күлкіге, мұңын қуанышқа айналдырып, жабырқаса жұбатып, сағынса қасынан табылуға тырысам. Ол менің басты міндетім деп білемін.

Назгүл Құдайбергенова,

журналист

Жаңалықтармен бөлісу