Анасын айтып толғанбайтын, лебіз айтып жүрегі елжіремейтін жан бар ма? Бала көңілің есіңе оралып, жып-жылы сағынышыңды оятатын құдірет иелері аналар ғой.
Менің анамның аты-жөні – Толғанай Молдағажықызы Сыздықова. 1947 жылы Қостанай обьлысы Сарыкөл ауданын дүние есігін ашқан. 1966 жылы кооперативтік техникумды бітіріп, Жанкелдин ауданына жолдамамен келген екен.
Содан кейін қарт Торғай топырағына тағдыры байланды. Осы жақта менің әкеме, Қуанышбек Қошеметовке тұрмысқа шықты, қасиетті өлкенің келіні атанды. Әкем екеуі тату-тәтті тіршілік кешіп, дүниеге төрт бала әкелді. Перзенттерін мейірім-махаббаттарына бөлеп өсірді.
Анам жүзінен шуақ төгілген өте мейірімді кісі еді. Біреуге жақсылық жасағанды жаны қалап тұратын. Қолындағысын, өзіне қалдырмаса да, өзгеге беріп қойып, жұртқа қайырым қылудан алдына жан салмайтын. Қайын жұртында туған-туыс, рулас-ауылдастардың қай кезде де қуаныш-қайғысын бөлісіп, басынан-аяғына дейін тік тұрып қызмет етіп, қолкөмегін көрсетіп жүретін кісі болды.
Қайбір іске де елпілдеп елгезектік танытып, кісі баласына болсын деп тұру болмысында бар әдет еді. Ілік-жақындарды былай қойғанда, анамды Торғай көлемінде бүкіл халық жақсы сыйлады. Бәрі танитын, барлығы білетін. «Жадырап-күлімдеп жүретін жақсы кісі еді ғой» деп отырады көзкөрген жұрт.
Тағы бір қызығы, анамның аты Толғанай болғанымен, Торғайға келгеннен кейін есімі «қысқарып», айналасындағы ағайын оған «Тома» деген лақап ат қойып алған. Өмірінің соңына дейін торғайлықтардың үлкені де, кішісі де анамды солай атап өтті.
Жарықтық 2011 жылы Алласына қайтты. Оның жарқын бейнесі, мөлдір болмысы жүрегіміздің төрінде тұр. «Жұртқа жақсылық жаса, одан жаман болмайсың. Ол адамнан қайтпаса да, істеген жақсылық Алладан қайтады» деген өсиеті де жадымызға мәңгілікке қашалып қалды. Аяулы анадан алған адамгершілік тәлімін жалғастыру – бізге қалған аманат.
Мекенің жұмақ болсын, анашым!
Жадыра Қошеметова,
Жанкелдин ауданының Ішкі саясат бөлімі басшысы