19 июня, 2025
Аманкелдіде «Мерейлі отбасы»  байқауының жеңімпаздары анықталды

Аманкелдіде «Мерейлі отбасы»  байқауының жеңімпаздары анықталды

Батыр атындағы ауданда «Бақытты отбасы» жобасы аясында отбасылық құндылықтарды нығайтуға, отбасы бірлігін арттыруға бағытталған дәстүрлі «Мерейлі отбасы-2025» байқауы мәресіне жетті.

Байқау бес кезеңді қамтыды. Атап айтқанда, «Отбасылық дәстүр» кезеңінде қатысушылар өздерінің отбасылық дәстүр — салттарын таныстырды. «Патриоттық тәрбие» кезеңінде патриоттық тақырыпта өз өнерлерін көрсетті. Спорттық эстафета түрінде өткен «Денсаулық және спорт» кезеңінде спорттық киімде келген қатысушылар  белсенділік танытып, «Шығармашылық және өнер» кезеңінде арнайы көрме ұйымдастырды.

Көрмеге отбасы мүшелерінің қолөнер бұйымдары, суреттері, ұлттық өнер үлгілері ұсынылды. Ал, соңғы «Экология»кезеңінде «эко-акция», «қайта өңдеу», «көгалдандыру», «қоқыс сұрыптау» жұмыстарын фот-бейнебаян түрінде ұсынды.

Сайыс түйінінде қазылар алқасының шешімімен Ізтілеуовтер мен Ерғазиндер отбасы облыстық байқауға жолдама алды.

«Отбасылық құндылықтарды дәріптеу, отбасылық бірлікті нығайту — біздің басты мақсатымыз. Мұндай байқаулар арқылы біз қоғамда отбасы институтының маңыздылығын арттыра аламыз», –дейді«AMANAT» партиясы Аманкелді аудандық филиалының төрағасы Марал Досымов.

Байқау барысында қатысушылардың белсенділігі, шығармашылық шеберлігі және патриоттық ұстанымдары ерекше атап өтілді.

Мұрат Жүнісұлы

 Аманкелді ауданы