Аманкелді ауданында аудандық әкелер форумы өтті

Аманкелді ауданында аудандық әкелер форумы өтті

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыру аясында бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен іс-шарада түрлі салада жүрген әкелер бір диалог алаңында бас қосты. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайда озық, дамыған мемлекет құру өскелең ұрпаққа тікелей байланысты екендігіне тоқталып, балалар арасында жалпы адамзаттық және отбасылық тәрбиені дәріптеудің маңыздылығын ерекше атап өткен болатын.

Президент тапсырмасына сәйкес ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары жобасы аясында өткен шара аясында форум қатысушылары «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының жүзеге асырылуы, бала тәрбиесі бойынша өзекті мәселелерді талқылады.

Аудан әкімі Қанат Кеделбаев бастаған ел ағалары бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі, өскелең ұрпақты әскери-патриоттық рухта тәрбиелеудің маңызы, жас ұрпақты ұлттық өнерге баулу, сондай-ақ білім беру ұйымдарында әкелер клубының жұмысын жандандыру бағытында құнды пікірлер мен ұсыныстарын ортаға салды.

Сонымен қатар, форумға жиналған әкелер үшін арнайы экскурсия ұйымдастырылып, Жасбуын, Н.Мейірманов, Аманкелді, Ә.Боранбаев атындағы жалпы білім беретін мектептері мен «Шұғыла» шығармашылық орталығының дайындаған ұлттық қолөнер көрмесі ұсынылды.

 

Экскурсия барысында жаңадан қолданысқа берілген спорт кешені, заманауи үлгіде жабдықталған Амангелді жалпы білім беретін мектебі және аудандық мұражайдағы аудан тарихы таныстырылды.

Бұл іс-шаралар қатысушыларға ауданның білім беру және мәдени даму деңгейі туралы терең түсінік бере отырып, өңірдің жетістіктерімен танысуға мүмкіндік туғызды.

Форум қорытындысы бойынша бірқатар маңызды ұсынымдар қабылданды.

«Даналық мектебі» жобасы аясында әкелер клубының жұмысына белсене атсалысып жүрген бірқатар әкелер қауымына білім бөлімінің Алғыс хаттары мен естелік сыйлықтары табыс етіліп, іс-шара мерекелік концертпен жалғасты.

Айбек ТАҢАТБАЕВ

Аманкелді ауданы