23 июня, 2025
«AMANAT» партиясы әлеуметтік нысандардың құрылысын бақылауда ұстап отыр

«AMANAT» партиясы әлеуметтік нысандардың құрылысын бақылауда ұстап отыр

Қостанайда «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының Партиялық бақылау комиссиясы мен Өңірлік даму кеңесінің мүшелері «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасына енген маңызды әлеуметтік нысандарға бірлескен тексеріс жүргізді.

Делегация Береке шағын ауданында салынып жатқан жаңа мектеп құрылысы мен күрделі жөндеуден өтіп жатқан №6 балабақшада болды.

Құрылысы 2021 жылдың мамыр айында басталған Береке шағын ауданындағы мектеп – көптен күткен нысандардың бірі. Құрылысы бірнеше жыл бұрын басталғанымен, мердігерлердің жауапсыздығына байланысты аяқталуы кейінге шегеріліп келді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 70%-дан астам аяқталған. Мердігерлер нысанды биылғы тамыз айында тапсырамыз деп уәде беріп отыр.

 

– Бұл мектепті осы ауданның тұрғындары көптен бері күтіп жүр. Балалар алыс мектептерге қатынап оқуға мәжбүр. Бүгін біз құрылыс барысымен таныстық. Жұмыс жүріп жатыр, бірақ кейбір кешігулер байқалады. Сондықтан біз бұл мәселені Партиялық бақылау комиссиясының тарапынан қадағалауда ұстаймыз, – деді Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Гүлмира Дамбаулова.

Екінші нысан – 1978 жылы салынған №6 балабақша. Бұл мекемеде осы күнге дейін бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген. «AMANAT» партиясының бастамасымен және жергілікті атқарушы биліктің қолдауымен балабақшаға толық жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

 

– Бұл – жай ғана жөндеу емес, бұл ескі балабақшаға жаңа тыныс беру. Терезелер, едендер, жылу жүйесі, санитарлық тораптар толығымен жаңартылуда. Ең бастысы – жөндеуден кейін осы маңдағы балалар өз балабақшасына қайта оралады. Бұрын олар басқа шағын аудандардағы балабақшаларға барып жүрген, – деді Өңірлік даму кеңесінің төрайымы Қырмызы Жаңбыршина.

Екі нысан да биылғы тамыз айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Партия өкілдері құрылыс пен жөндеу жұмыстарының мерзімі мен сапасына тұрақты мониторинг жүргізіп отыратынын жеткізді.

«AMANAT» партиясы Даму жол картасы аясында тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және жергілікті жерлердегі жүйелі мәселелерді шешуге бағытталған нақты қадамдарды жүзеге асыруда.

Сералы МЫРЗАБАЙ