30 мая, 2025
Алтын медаль жауған чемпионат: Қостанай тарихындағы алғашқы жетістік

Алтын медаль жауған чемпионат: Қостанай тарихындағы алғашқы жетістік

Өскемен қаласында өткен қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы додада облысымыздың бірнеше балуаны чемпион атанды.

Жарыстың бірінші күні 50 келі салмақ дәрежесінде Қостанай облысының атынан сынға түскен Нұралы Санай жеңімпаз болды. Ол финалда Түркістан облысының балуаны Сейілбек Ермұханбетті  жеңіп, шеберлігімен көзге түссе, 55 келі салмақ дәрежесінде Сәбит Дүйсенбек Ақмола облысынан барған  Рамазан Қуаныштан басым түсті.

Осы күні Қостанай облысы қос алтын медальді қанжығасына байлады.

«Бір аптаға созылған ел чемпионатында Қостанай облысының жас балуандары командалық есепте екі жас ерекшелігі бойынша 2 орынға ие болып, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Бұл басқа облыстардың жетпеген жетістігі екенін айтып кеткен жөн», – дейді Қостанай ауданы ұлттық спорт балалар-жасөспірімдер мектебінің  жаттықтырушысы Талғат Кеңесов.

Бізідің спортшыларымыз төмендегі көрсетілген жетістіктермен көзге түсе білді:

Алтын медаль – Нұралы Санай

(50 келі)
Алтын медаль –  Сәбит Дүйсенбек

(55 келі)
Алтын медаль – Асыл Танатқан

(46 келі)
Алтын медаль – Шерхан Есболат

(60 келі)
Алтын медаль – Айдос Ерлан

(65 келі)
Алтын медаль – Жансая Шеген

(65 келі)
Күміс медаль – Дәмелі Әбілбекова

(52 келі)
Қола медаль – Нұрсаят Жақсытай

(44 келі)

«Осы чемпионат тағы бір өз ерекшелігімен есте қалды. Азамат Ерәділов бауырымыз қазақ күресінен Халықаралық дәрежедегі төреші атағына ие болып отыр. Бұл да болса, облыста қазақ күресі кеңінен қанат жайып келе жатқанын көрсетеді», – дейді ол.