Өскеменде қазақ күресінен алтыннан алқа таққан балуандардың бірі, аманкелділік Асыл Таңатқанға туған жерінде зор құрмет көрсетілді.
Жерлес кәсіпкер, спорт шебері Мұрат Тұрмағамбетов чемпионға ат мінгізіп, ел намысын асқақтатқан жастың жетістігін жоғары бағалады.
“Соңынан ерген інілерге серпін болсын деген ниетпен сыйладым. Асылдың бұл жеңісі жас палуандарға үлгі болып, алдағы байрақты бәсекелерде жеңісті жолын жалғайды деп сенемін”, — деді кәсіпкер.
Чемпионға аудан әкімі Қанат Кеделбаев та арнайы құрмет көрсетіп, 200 мың теңге көлемінде сыйақы табыстады. Сондай-ақ, жеңіске жеткен палуанның бапкері Бақтілеу Сабыров та назардан тыс қалмай, қаржылай сыйлыққа ие болды.
Асыл Таңатқан – Аманкелді орта мектебінің 11-сынып оқушысы. Ол жуырда Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын қорғап, аудан абыройын асқақтатты.
Жас балуан Асылға сәттілік серік болып, болашақта бұдан да биік белестерді бағындырады деген сенім мол.
Айбек ТАҢАТБАЕВ
Аманкелді ауданы