Қала әкімі Әмірхан Асанов аламанда ат оздырып, елдің атын шығарған арқалы ақын Айбек Қалиевке 1 миллион теңгенің сертификатын салтанатты түрде табыс етті.
Биыл қазан айында Елордада өткен «Адамзаттың бәрін сүй!» республикалық ақындар айтысында жерлесіміз, айтыс ақтаңгері Айбек Қалиев жеңіп алған «Алтын домбыра» Арқалыққа жеткізілді. Енді ол музей төрінде бір жыл бойы сақталып тұратын болады.

«Алтын домбыраны» музей экспозициясына қою рәсіміне зиялы қауым өкілдері қатысып, Айбек Киікбайұлының дарынды шәкірттерінің бірі, музей директорының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Батырлан Сағынтаев арнау жырын айтты.


Қала әкімі Әмірхан Асанов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің ректоры Талғат Ещжанов жылы лебізін білдірді.
«Алтын домбыра» айтысының елімізде дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқанына 11 жылдың жүзі болды. Халқымыздың түрлі тарихи кезеңдерін, әлеуметтік өзгерістерін, қоғамдық өміріндегі маңызды мәселелерді қалқып шығарып, халық ауыз әдебиетінің мол сөздік қорын қалыптастырған айтыс өнерінің кейінгі кезеңдегі бір елеулі сөз сайысы осы алтын домбыра аламаны. Жыл сайын бұл айтыстың жеңімпазы алтын домбыраны өзінің туған өлкесіне апарып, музейге қойып, қалың бұқараның назарына ұсыну да дәстүрге айналған. Айбек ағамыздың алтын домбырасы да жыл бойы киелі қара шаңырағымыздағы халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің домбырасы, халық батыры Амангелді Имановтың қанжары, халық суретшісі Әбілхан Қастеев салған Амангелді батырдың портреті секілді құнды жәдігерлермен қатар тұрып, ел назарына ұсынылады», – дейді облыстық Дала өлкесі тарихы музейінің директоры Рауан Терек.
Өз кезегінде атақты айтыскер ақын өткізіліп жатқан іс – шараларға ризашылығын білдірді. Еске сала кетсек, таяуда ғана облыс әкімі Құмар Ақсақалов Алтын домбыра иегері Айбек Қалиевке жеңіл автокөлік тарту еткен болатын.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы
