Алтын дала ауылындағы оқушыларға жазғы демалысқа жолдама берілді 

Алтын дала ауылындағы оқушыларға жазғы демалысқа жолдама берілді 

 Наурыз мейрамын тойлаудың жаңартылған тұжырымдамасын іске асыру мақсатында, “Қазақстан халқына” Қоғамдық қоры Қазақстанның барлық өңірінде “Жаздық жолдама 2024” – қайырымдылық жобасын бастады.

Бұл жолдамаға Қостанай ауданы Жамбыл ауылдық округіне қарасты Алтын дала елді мекенінің Қадыр Кәрімов жалпы білім беретін мектебінің он оқушысы да ие болды.

“”Қазақстан халқына” Қорының «Жаздық жолдама» қайырымдылық жобасы Наурыз мерекесіне орайластырылған.”Жаздық жолдама” жобасы жазғы каникул кезінде 5-8 сыныптардың 20 мың оқушысы үшін зияткерлік және шығармашылық дамумен демалысты қамтамасыз етеді. Қордың Қамқоршылық кеңесі бекіткен бюджет 2,1 млрд теңгені құрайды. Бұл қайырымдылық жобасы оқуда үздік көрсеткіштерге ие,үлгерімі және пәндік олимпиадаларға, және мектептің қоғамдық өміріне белсенді қатысатын орта сынып оқушыларын қолдауға және ынталандыруға бағытталған”,– дейді Жамбыл ауылдық округінің әкімі Жаңай Алтынсарин.

«Қазақстан халқына» қорының өкілдері ауылдық жерлерден келген балалар мен жасөспірімдерге ғана бағытталған «Жаздық жолдама» жобасы өскелең ұрпақты ынталандыруға және отансүйгіштікті нығайтуға ғана емес, сонымен қатар коммуникация, көпмәдениетті ортадағы қарым-қатынас сияқты өмірлік қажетті дағдыларды нығайтуға, сондай-ақ кәсіптік бағдарлаудың элементіне айналады деп санайды.

“Былтыр Қазақстанның 17 облысынан 20 мыңға жуық баланы қамти отырып, “Жаздық жолдама” жобасы іске асты. Бізден осы жолдама бойынша алты үздік оқушымыз Ақмола облысының Зеренді ауданына барып келді. Биыл да 5-8 сынып арасындағы оқушыларымызға он жолдама беріліп жатыр”, – дейді мектеп директоры Салтанат Ибраева.

Осындай жолдамаға ие болған балалардың бірі аталған білім ордасының жетінші сынып оқушысы Асыл Мейрамхан.

“Осы жылы бізге лагерьге жолдама беріліп жатқанына өте қуаныштымын. Онда уақытымызды жақсы өткіземіз деп ойлаймын. Ондай лагерьге өткен жылы да бардым. Бәрі пайдалы өтті. Осындай қолдаудың жан-жақпен тәжірибе алмасуға септігі зор”, – Асыл Мейрамхан.

Айбек ҒАЛЫМҰЛЫ

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

Қостанай ауданы

 

Жаңалықтармен бөлісу