Алғашқы тракторшы әйел кім?

Алғашқы тракторшы әйел кім?

Ғайникамал Оразалықызы 97 жаста. Тыл ардагері, Қостанай өңіріндегі алғашқы тракторшы әйел. Осынша жасқа келсе де тың, ширақ, кітап оқып, әңгімеге араласып отырады. Көзге көрінген балаларынан немере, шөбере, шөпшек көріп отырған қария Тобыл қаласында тұрады. Меңдіқара ауданы, Көктерек ауылында өскен. Балалық шағы қиындықпен өтті. Небәрі төрт жасында әкеден жетім қалып, соғыс жылдарының, одан аштықтық да зардабын көрген. Бірақ өмірге деген құлшыныс алға жетелеп, бүгінгі күні сол еңбегінің рахатын көріп отырған сүйегі асыл жан. Он бір құрсақ көтерген батыр ана бірнешеуін жер қойнына тапсырды. Бүгінде жеті баласы әр салада абыройлы қызмет етіп жүр. Сұм соғысты әлі күнге дейін санасынан өшірмеген әжеміз өткен күнге көз тастап, ескірмеген естеліктерімен бөлісіп, соғыс жыл­дарын да, оған дейінгі күн­дер­ді де ауыр күрсініспен еске алады.

            –Төрт жасымда әкеден жетім қалдым. Шешем марқұм екінші рет тұрмыс құрып, ол жолдасы да соғысқа аттанып, төрт баламен жалғыз қалды. Ол кезде мен 5 жаста едім. Соғысты да, аштықты да көрдік. Анам Биғанша барлық балаларын жеткізді. Ерте еңбекке араластық. Қиындық болса да білім алуға ұмтылып, 8 класты бітіріп, Меңдіқарадағы педагогикалық училищеге алғаш болып қабылданғандардың қатарынанмын. Заманым түзу болғанда оқуымды бітіріп, мұғалім болар ма едім. Бір жыл оқыған соң басқарма «трактор оқуына жібереміз, олай болмаса еңбек армиясына қабылданасың» деді. Амал жоқ, оқуды тастап, тракторды тізгіндедім. «Универсал» деген кішкентай ғана, кабинасы жоқ трактор. Зілдей темірге отырып, жұмысқа кірістім. Қазір ондай техника қалмаған да болар. Соғыс біткенше трактор айдадым. Одан кейін сауыншы болдым, басқа да жұмыстарды атқардым. Жолдасым Қайдар екі соғысқа да қатысқан ардагер еді. Екеуміз үй болып, екі ұл, тоғыз қыз тудым. Бүгінде көзітірісі жетеу. Аллаға шүкір. Әкесі балаларымның бәрін де оқытамын, қара жұмыс істеп қиналмасын деп білім берді. Балаларым әкесінің үміт ақтады. Әр жерде жемісті еңбек етуде. Үлкен қызым 76 жаста. Бірақ ол нағашы әжесінің қолында өскен соң сол жақтың баласы саналады, – дейді әжеміз.

Аяулы да ардақты анамыз осылайша Ұлы Жеңістің оңайшылықпен келмегенін айтып, тағдыр талқысына ұшыраған ауыр күндерді әңгімелеп берді. Қазыналы қарияға айналған Ғайникамал әже шөпшек көріп отырған бақытты әже. Ол кісіден осы­лай ұзақ жасаудағы сыры неде деп білгенімізде, қимылы ши­рақ әже мұның барлығы баладан көрген рахаттан дейді. Онымен қоса кітапқұмар кейуана әлі күнге дейін қазақ ақын-жазу­шыла­рының туындыларын сүйіп оқиды. Тіпті Абайдың қара сөздерін жатқа айтып береді.

Үлкен қызы Сайран апай анасын апасындай көреді. Оның ды өз сыры бар екен. Өзі де бірнеше немере көріп отырған әже болса да анасы бар бақытты перзент.

            –Апам екі тілде де таза сөйлейді. Өте қарулы, қауқарлы болды, қазір ғой қарттық жеңіп қайратының кемігені. Өмір бойы еңбек етіп жүрген анам кезінде талай марапаттың төрінде болды, бізді тең-құрбымыздан кем қылмай өсіріп жеткізді. Осынша жасқа келсе де ширақ. Әдеби кітаптарды әлі күнге дейін кітапханадан алдыртып оқиды. Абайдың қара сөздерін орысша жатқа айтады. Пушкиннің шығармаларын да жатқа біледі. Немерелеріне осының бәрін айтып беріп отырады. Қолындағы баласы, қара шаңырақ иесі Әбілбек Қайдар полковник, банк қызметкері. Осы жасқа жетуінің бір сыры баласының мәпелеп бағып отырғанында. Шақырған жерден қалмайды, адамдармен, көпшілікпен араласып, көңілі көтеріңкі жүреді. Миын жаттықтырып, айналада болып жатқан жаңалықты құр жібермей, бәрін бақылап отырады.  Бір қызы подполковник, ішкі істер саласында еңбек етті. Екінші қызы Казань қаласында мұғалім, кіші қызы Гүлбану да мұғалім, сол қызымды зейнетке шығарып кетсем деп әзілдеп қояды. Мен үлкен қызы болсам да нағашы әжемнің қолында өскендіктен апалы-сіңілілердей сыйласамыз. Жасқа келу бір бар да, оны мағыналы жасау өз алдына бір бөлек емес пе. Апам сияқты мәнді де, сәнді ғұмыр кешуді баршамызға нәсіп етсін деймін, – деп сөзге араласты Сайран апай.

–Тұқымымда мұндай жасқа келген ешкім жоқ еді. Алланың берген ғұмыры шығар. Біздің заман қиыншылықпен өтті. Соғыстан соң аштық жылдар, жоқшылық пен жұпынылық. Соған қарамастан, бала да туып, ата-енені де бағып, жұмыстан да қол үзбедік. Сиыр да, бие де саудық. Бар мақсатымыз балаларды оқыту еді. Үлкен ұлым Ақылбек Тәткеновты Аманкелді-Торғай өңірі жақсы таниды. Арқалық қаласында дәрігер, хирург. Екінші ұлым ҰҚК полковник. Анам 82 жасқа жетіп өмірден өтті. Бауырларымның бәрі де бақилқық болған. Қазір бала шағаның ортасындамын. Он бір бала тусам да Алтын алқа алмадым. Шетінеп кеткені бар, үлкен қызым менің атымда болмады. Күміс медаль иегерімін. Еңбек ері, Тыл ардагері деген атақтарым бар. Кеудем медальға толы. Өмірде бастысы сыйластықпен өмір сүру. Ешкімге ренжімей, кеңпейіл болу. Шаңырағымның түтінін сөндірмей, ұрпағымның қызығына кенеліп жүрмін. Ешқандай өкінішім жоқ. Өмірдің ыстық-суығына төзіп, жарыммен бірге жасадым. Бар тілегім – әулеттің амандығы, Отанымыздың тыныштығы, – дейді кейуана.

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу