«Жаңа жылдан  тек жақсылық күтеміз»

«Жаңа жылдан тек жақсылық күтеміз»

Жаңа жыл кешінің – басты қонақтарының бірі – Аяз ата. Сыйлыққа толы қоржынын арқалаған мейірімді ақсақалды атамен жүздесуге әркім құмар, әсіресе, балалардың осы бір сәтті тағатсыздана күтетіні белгілі.

 

Аяз атаның да қызықты хикаялары көп екен. Ұзақ жылдар бойы осы кейіпкердің бейнесін сомдап жүрген жерлесіміз, суретші, әртіс Әлібек Манетовпен болған сұхбатымыз соның дәлелі іспетті. 

– Әлібек Маратұлы, өзіңізді ел «Қыдыр ата», «Аяз ата» деп те таниды. Бұл кейіпкерлердің бейнелерін қашаннан бері сомдап келесіз?

– Мен Арқалық қазақ жасөспірімдер театрына 2001 жылы ақпан айында келдім. 2002 жылдан бастап Аяз ата, Қыдыр ата рөлдерін жылда сомдап келе жатырмын. Арасында жастарға орын беріп, аздап демалып қалған кездерім де болды.

Былайша айтқанда, өзімнің қолайыма келетін, жылда арасын үзбей келіп тұратын сүйікті кейіпкерлерім ғой. Өзі мұндағы киім де маған арналып тігілген. Менің бойыма шақталған. Көбіне көп өзге әріптестеріме сәйкес келе бермейді.

– Алғашқы Аяз ата болған кезіңіз қалай еске түседі?…

– Ол кезде жас болдық. Бойымызда артық ет те жоқ, ап-арық болатынмын. Аяз Ата деген нәсілінде кішкене тұрықты, ірілеу болу керек қой. Сондықтан, шапанның ішінен қабат-қабат киімдерді киіп алып, ыстықтап, терлеп жүрген кездеріміз де болды. Сырт киімнің ішінен тұлғалы көріну үшін денемді үлкейтіп, тон киіп алатынмын. Маңдайымнан тер ағып жүріп ойнайтынмын.

Аяз ата мен Ақшақар екеуі Жаңа жылдың негізгі кейіпкерлерінің бірі. Шырша кештерінің басынан аяғына дейін жүресің. Аяз ата ортасында кіреді де, содан аяғына дейін болады. Балалардың тақпақтарын тыңдап, өнерін көруім керек. Бәрінің сыйлықтарын үлестіріп беруім керек. Сол кез – ащы терім шығатын кез. Соңында суретке түсуі тағы бар. Таңертеңнен кешке дейін бетіміздегі бояуды сүртпей, түсте тамақтанғанның өзінде сол гриммен отырып тамақтанатынбыз.

– Есте қалған қызықты сәттер туралы айтсаңыз…

– Балалардың өнерін тамашалаған кезде қызықты сәттер көп болады. Баланың аты бала ғой, кейде жаттап алған тақпақтарын ұмытып қалып жатады.

Жаңа жылда қазақ балаларының айналдырып айта беретін екі-үш тақпақтары бар. Бір баланың шыршада Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің:

Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар.

Еркек тоқты құрбандық

Атам десең атыңдар!-деген жалынды жырын айтқаны да бар. Енді, оған не айтасың?…«Айналайын, Қайрат ағаң сияқты батыр жігіт боп өс!» – дедім…

– Балалардың Жаңа Жыл кештерінде ең көп айтатын тақпақтары қандай?

– Аяз ата әппақ,

Пешенәйі тәтті-ақ.

Пешенәйді көп берсе

Тағы айтамын тақпақ, – дейді. Тағы бір осы тақылеттес тақпағы бар. Ол мүлде ерсілеу.

Аяз ата қандайсың,

Тоқсандағы шалдайсың.

Өтірік сақал тағып ап

Балаларды алдайсың, – дейді. «Бұл тақпақты саған кім үйретіп жіберді?», – деп сұраймын. Ата-аналары, аталары мен әжелері үйретіп жібереді екен… Ондай кезде «Балақай, Аяз атаға сену керек, келесі жолы мұндай тақпақ айтпа, басқа жақсырақ тақпақ жаттап кел» – деймін.

Өзіміз сеніп өстік. Кішкентай кезімізде Аяз атаны асыға күтетінбіз. Шынын айтсақ, кім екенін де танып тұрамыз. Көбіне мектептерде спорт, еңбек пәнінің мұғалімдері Аяз ата болады. Сонда да сеніп, тақпағымызды айтып, сыйлығымызды алатынбыз…

– Іздеген адамға жыр шумақтары аз емес қой…

– Иә, өлең көп. Бір өкініштісі балалар жаттап алған екі-үш тақпақты қайталай береді. Ересек балалар тіпті айта қоймайды. Бір тақпақты қайталаса да кішкентай балалардың бәрі жарыса айтып шығады.

– Балаларға үйрету 

керек екен…

– Әрине, әртүрлі тақпақ болса жақсы.

– Жаңа Жыл кезінде Аяз ата мен Ақшақарлар көбейеді. Былай қарағанда екінің бірінің қолынан келетін іс сияқты. Сіздің ойыңыз қалай?

– Бұл мәселеге жеңіл-желпі қарауға болмайды деп есептеймін. Театр болғаннан кейін бізде бәрі кәсіби түрде ұйымдастырылады. Не қажеттіліктің бәрі бар.

Аяз ата аяғына пима кимесе де оның өзі шынайылықтан алшақтап тұрады. Сол сияқты, спортивка киімі, джинсы шалбар сияқты киімдер көзге шалынып қалып жатса, ол да баланың сеніміне селкеу түсіреді.

– Кішкене балақайлар қалай қабылдайды?

– Балабақшаларға шақыртумен барып Жаңа жылдық шыршаларды өткіземіз. Кішкентай балаларға барған кезде бізді көріп жатырқап, жылап, у-шу болады. Ондай кезде тәрбиешілер көмектеседі. Жаттап келген тақпақтарын ұмытып, жылап отырады. Ата-аналар да араласып, жәрдемдесіп жүреді. Жылап жатқан баланы әке-шешесі өйтіп-бүйтіп алдантып жатады. «Келесі жылы тақпағыңды жақсылап жаттап кел балам!», – деп кішкентайларды алдандырып сыйлықтарын беріп, уантып кетуге тырысамыз.

Балаларды қол ұстастырып шыршаны айналдырып өлең айтуға тұрғызудың өзі қиын. Бірі бір жаққа айналып жатса, екіншісі келесі бір жаққа бұрылып жатады. Шыршаның маңайы ығы-жығы адам көп, сапырылысып жатады. Бір бүйірден ата-аналар келіп «Дайындап қойған сыйлықтарымыз бар еді, соны үлестіріп берші», – деп жатады. Кейбір кісілер «Аяз ата, балама мына сыйлықты беріңізші» деп әкелгеен сыйлықтарын балаларының көзінше беріп жатады. Ондайда «Балаңызғасыйлығыңызды көрсетпей беріңізсей. Бұдан кейін балаңыз қиял-ғажайыпқа қалай сенеді?», – деп айтуыма тура келеді.

– Аяз атаны үйлеріне шақыратын кісілер де бар шығар…

– Иә, қазір дамыған заман ғой, балаларына дастарқан жасап қояды. Бөлек бөлмеге барып дайындап қойған сыйлықтарын қоржынымызға салып аламыз. «Аттарын жазып қойыңыздар, сыйлықтары айырбасталып кетпесін» – дейміз. Ата-аналары көмектесіп тұрады. Балалардың тақпақтарын тыңдап, сыйлықтарын үлестіріп береміз.

Қазір көлікпен жүреміз ғой. Бұрын көшеде жаяу жүріп аралаған кездеріміз де болған. Өтіп бара жатқан кісілер, әсіресе көлік жүргізушілері тоқтатып алып «Аяз ата, сізге тақпақ айтып берейік, бізге сыйлық беріңізші» дейді. Қоржынымызда кәмпитіміз қалса соны беріп, болмаса батамызды беріп кететінбіз.

– Аяз атаның көпшіліктің ортасына қалай келгенін қалайсыз?

– Ертеректе, Аяз ата Ақшақар қызымен бірге пар ат жегіп ат шанамен келетін. Бұл дегеніңіз Жаңа жылдан жақсылық күткен қалың көпшіліктің көңіл-күйін одан сайын көтеріп, табиғи үйлесімділікті арттыра түсетін. Қыстың қыраулы аязын айғақтап буы бұрқыраған ат шанамен келіп тұрған Аяз ата үлкенге де кішіге де естен кетпес әсер қалдырады.

Өзіңізді оқырманымызға жақынырақ таныстыра кетсеңіз.

– Мен осы Торғай өңірінің тумасымын. Мектепті Жанкелдин ауданының Шеген ауылында оқып, бітіріп шықтым. Мектеп бітіргеннен кейін Арқалық педагогикалық институтына көркемсурет факультетіне оқуға түсіп, сол жерден жоғары білім алып шықтым. Негізгі мамандығым педагог-суретші.

Театрға келуімнің өзі қызық. «Актер боламын» деген ойым болған жоқ. «Суретші боламын» деп келген едім, актерлікке қабылданып кеттім. Жанат Хаджиев, Жамбылбек Есенбеков, Досжан Жанботаев, Сағызбай Қарабалин,

Татьяна Рақышева сынды мықты режиссерлерден сабақ алдық. Ұзақ жылдар осы театрда бас режисер болып қызмет еткен замандасымыз Әлия Садықованы ұстазым деп айтуыма болады.

Алғашқы рөлдер ыстық болады ғой. Маған атақты Кейкі батырды бейнелеу бақыты бұйырды. «Қыз Жібекте» Төлегеннің рөлін, «Айман-Шолпанда» Әлібектің рөлін сомдадым. Республикалық театрлар фестивальдеріне қатысып жүлдегер атандық. Алдағы уақытта да осы дәстүр жалғасын тауып, жастар тәжірибе алмасса деген тілегіміз бар.

Ата-анам қарапайым еңбек адамдары болды. Әкем – малшы, шешем – малшының көмекшісі болды. Нағашы жағымда шебер, ұста кісілер болған екен. Қолөнермен айналысып сақина соғып, ер шауып, ат әбзелдерін жасадым. Әкем де қажетті заттарын өзі жасап алатын.

Театрда да рөлге қажетті мылтық, пышақ, қамшы сияқты қажетті құралдарды өзім жасап ала беремін. Уақыт болып айналыссам рахаттанып, демалып қаламын.

Үлкен ұлым Әлішер спорттың барлық түрімен шұғылданды. Әскери борышын өтеп келді. Қазір сол салада қызмет істейді.

Қызым Маржан университетте студент. Керлингпен айналысады. «Спорт шебері» деген атағы бар. Қазақстан құрама командасында ойнайды.

– Келіп жатқан Жаңа жылға тілегіңіз.

– Келген жылдан жақсы тілек тілейміз. Мен де Жылан жылы туғанмын.

Жаңа жыл әр отбасына, елімізге жақсы жаңалықтарымен келсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Жаңа жылдан тек жақсылық күтеміз. Жастарымыз білімді, мәдениетті ұрпақ болып өсе берсін. Әлемде тек бейбітшілік үстемдік құрсын.

– Әңгімеңізге рахмет. Жаңа жыл құтты жыл болсын!

Әңгімелескен Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ 

Суреттерді түсірген – автор

Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу