Алдағы күзде Алтынсарин ауданында жаңа сүт фермасы іске қосылады

Алдағы күзде Алтынсарин ауданында жаңа сүт фермасы іске қосылады

Алты жүзден астам ірі қара өсіруге арналған ферма Бозбек ауылында салынып жатыр.
Бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов “Тапаев Т. Б.” шаруа қожалығы қолға алған құрылыстың жай-күйімен танысты.

“Бұл ферманың жобасы мемлекеттің қолдауының арқасында жүзеге асырылып отыр. Мемлекет басшысы 2028 жылға дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін екі есе көбейтуге, қайта өңдеуді жетпіс пайызға жеткізуді тапсырған болатын. Аудан ғана емес, өңірдің дамуына жол ашып, сапалы өнім шығарғалы тұр. Сауда айналымы импортқа тәуелді болғанымен, бастысы, жаңа жұмыс орындары ашылады. Биыл алты ферманың құрылысы басталды. Шаруаларға құрал-жабдықтар сатып алуға 25 пайыз, шетелден алып келген малға да 40 пайыз субсидия төленеді. 8 жылға 2,5 пайыздық мөлшерлемемен несие беру қарастырылған”, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Шаруа қожалығының иесі жергілікті тұрғындар үшін он жұмыс орынын дайындап қойғандарын айтады. Ашылған күнде мұнда тәулігіне төрт жарым мың тонна сүт өндірілмек.

“Бұл ферманың пайда болуы тұрғындар үшін ғана жаңа мүмкіндік әкелмейді. Экономикалық жағынан да тиімді. Енді өнімдерімізді ұқсатуға қолайлы жағдай туады. Алдағы күзде құрылыс жұмыстарын аяқтап, өндірісті бастауды жоспарлап отырмыз”, – дейді шаруа қожалығы басшысы Талғат Тапаев.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу