Алаяқтық: өзгенің қолымен от көсеу

Алаяқтық: өзгенің қолымен от көсеу

Қазақстан Республикасының Қаржы мониторингі агенттігі қаржылық қауіпсіздік бойынша Ұлттық олимпиада өткізуде. Бұл бастаманың жастарға пайдасы қандай болмақ?

            Олимпиадаға Құқықтану, экономика, Халықаралық қатынастар, ақпараттық қауіпсіздік білім беру бағдарламалары бойынша білім алатын 2-3 курс студенттері мен ғылыми-педагогикалық бағыттағы 1-курс магистранттары қатыса алады. Экономикалық тергеу департаментінің  Қостанай облысы бойынша жедел уәкілі Әсемгүл Балжақаева мән-маңызын түсіндіріп берді.

            “Олимпиада жастардың қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттыруға, қаржылық қауіпсіздіктің заманауи трендтерін көрсетуге, қаржы саласындағы тәуекелдер мен қатерлерге қарсы тұруды үйретуге бағытталған”, – дейді ол.

Қостанай облысында Экономикалық тергеу департаменті облыстың бес жоғары оқу орны және төрт колледжімен бірлесіп, 2025 жылдың 7-11 сәуір аралығында студенттерге арналған ақпараттық-түсіндіру дәрістерін оқиды. Дәрісте студенттер, қаржылық сауаттылық, қаржы пирамидалары мен алаяқтық схемалардан сақтану сынды мәлімет алады. Сондайақ, жастар қаржы пирамидаларының белгілерін анықтауды, олардың қауіптілігі мен өз құқықтарын қорғауды меңгереді.

Кезекті дәріс ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев Қостанай академиясының курсанттарына оқылды. Студенттердің қызығушылығын арттыру үшін дәрістер нақты мысалдармен, интерактивті форматта өткізіліп келеді.

            “Дәріс барысында алаяқтардың жымысқы әрекеті туралы баяндадым. Жалған хабарландырулар туралы кеңінен мәлімет берілді. Алаяқтар мұндай істі өзгені тарту арқылы істейді. Яғни, ақша аударумен және қолма-қол ақшамен байланысты жұмыстар ұсынады. Негізінен қашықтан жұмыс істеу, құжаттарды рәсімдемей пайда табуға болады деп сендіреді. Алаяқтар жоғары табыс төлеуге уәде етіп, бірнеше сағаттың ішінде көп қаржыға кеңелуге болады деп үгіттейді. Дропер деген кім десек, ол банктік картасын алаяқтар ұрлаған ақшаны аудару үшін пайдалануға келісетін, немесе өзі білмей алаяқтардың нысанасына айналатын адам. Дроппер өзінің қылмыстық схемаға тартылғанын, делдал ретінде пайдаланылғанын түсінбейді. Өйткені, алаяқтар өз әрекетін “заңды бизнес” ретінде көрсетіп, шебер жасырған”, – ІІМ Ш.Қабылбаев Қостанай академиясының Қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасының оқытушысы полиция майоры Гүлнар Кужарова.

Мысалы, алматылық бір студент өзінің атынан ондаған банк картасын ашып, оның 5 мың теңгеден сатып келген. Осылайша есірткі саудасы үшін оның есеп шоты арқылы 125 млн теңге өткен. Қаржы мониторингі департаменті бұл іс-шараға Қостанай облысы бойынша жалпы 1070 студентті тартпақ.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – автор

Жаңалықтармен бөлісу