Акция: ақсақалдарға ақ алғыс (видео)

Акция: ақсақалдарға ақ алғыс (видео)

Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы төл жобамыз – «Мерекелік сый-құрмет» акциясы жалғасып жатыр. «Қостанай таңы» газетінің жанашырлары, демеушілеріміз ардақты ақсақалдарымызды құттықтай барды.

Газетіміздің ең егде қариясы – екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, қарт қаламгер, жыршы-термеші, мәдениет саласының ардагері, педагог Қасымхан ата Алдабергенов. Қазынакеуде тұлға бүгінде 98 жасқа аяқ басып отыр. Атамыз 1971 жылы «Коммунизм таңы» (қазіргі «Қостанай таңы») газетінің Науырзым ауданына қарасты Ленинский, Докучаев ауылдарындағы меншікті тілшісі болып қызмет атқарған. Басылымның шығармашылық өрлеуіне сіңірген еңбегі орасан. Сүйегі асыл ақсақалдың қолынан әлі күнге дейін қалам түспеді деуге болады. Кезі келгенде сүйікті газетіне мақала жазып, көкейдегісін хат қылып жолдап отырады. Газетіміздің тұрақты оқырманы, қашаннан тілекшісі. Асыл болмысты атамызды «Еуразиялық банк» АҚ ҚОФ директоры, “Amanat” партиясының ҚОФ жанындағы “Мирас” ҚҚ төрайымы Қырмызы Жаңбыршина құттықтап барып, тарту-сыйын табыс етіп, ақ батасын алып қайтты.Сондай-ақ, Қырмызы Сапарқызы бүкіл еңбек жолын «Қостанай таңы» газетінде өткізіп, осы басылымнан құрметті зейнетке шыққан шебер журналист Дәмер Әбіштің шаңырағына арнайы бас сұғып, мейраммен құттықтап, игі тілегін арнады. Дәмер ағамыз газетімізде 1974 жылдан бастап, табан аудармай 45 жыл қызмет етті. Оның өткір мақалалары, сыни сүбелі материалдары әлі күнге ізбасарларының аузында жүр. Әдебиеттің жауынгер жанры – сатирада сан жылдар бойы қалам тербеді. Дәмер Сәкенұлының «Қостанай таңындағы» «Быды-быды» бетін көзі қарақты оқырман әлі ұмыта қойған жоқ. Қаламы қуатты жазушы бүгін де өндіріп жазып жүр, соны сатиралары өзінің сүйікті газетінде үнемі жарық көріп тұрады. Акциямыздың аясында майталман журналист құрмет-қошеметке бөленіп, ұйымдастырушыларға алғаусыз алғысын айтты.

Естеріңізге салайық, “Мерекелік сый-құрмет” акциясы облыстық Әйелдер күштері альянсының демеушілігімен жүзеге асып жатыр.

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

Жаңалықтармен бөлісу