Айтыскер ақын оқушылармен тағылымды кездесу өткізді

Айтыскер ақын оқушылармен тағылымды кездесу өткізді

Қостанайдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «Замандастар жырлары» жобасы аясында белгілі журналист, айтыскер ақын,  Ы.Алтынсариннің облыстық мемориалдық музейінің басшысы Марғұлан Оспановпен кездесу өтті.

Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілері одағының мүшесі, облыстық меценаттар клубы «Шабыт» сыйлығының лауреаты, облыстық композиторлар одағының мүшесі оқушылармен кездесу барысында шығармашылығы мен қызметі туралы баяндады. Ы.Алтынсарин атындағы мұражайдың ғылыми-зерттеу жұмыстарымен таныстырды. Өзінің ақындық жолын әңгімелей отырып, оқушыларды кітап оқуға және сөз шеберліктерін ұштауға шақырды. 

«Зияткерлік мектептің оқушыларымен кездесуде ойымызды ақтарып, білгенімізді дәріс қылдық. Қазақтың домбырашы жігіттері қаз-қатар тұра қалып, күй тартып мені ерекше қарсы алды. Оқушылардың қызығушылығы мен қойған сұрақтары мені қатты толғандырды. Журналистика саласындағы, қызмет бабындағы, тіпті бойымдағы ақындық қырларыма дейін  сараптап, сұрыптап ой бөлісіп айтып отырғанына риза болдым», – деді М. Оспанов.

Жергілікті ақынмен кездесуде оқушылардың да алған әсері ерекше болды.

«Бұл кездесуден алған әсер ерекше. Келген қонағымыздың домбыраның құлағында ойнайтыны тәнті етті. Сондай-ақ Ыбырай Алтынсарин туралы бұрын-соңды білмеген тың мәліметтерге қанық болдық», – дейді 11-сынып оқушысы Зерде Мұратова.

Марғұлан Бақытбекұлы ән қоржынынан оқушыларға қонақкәде ретінде тарту жасады.

«Ақынның Ыбырайдың өмірбаянын, шығармашылығын, ол кісінің жүріп өткен жолдарын қаншалықты білетініне көз жеткіздік. Көптен бері көкейде жүрген жауабы жоқ сұрақтарға жауап алдық», –  қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Салтанат Қабденова.

«Замандастар жырлары» жобасы іс-шарасын ұйымдастыруға қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері белсене атсалысты.

Жаңалықтармен бөлісу