Биыл Қостанай облысында табиғат қорғау іс-шараларына 7 миллиард теңге бөлінді. Орман шаруашылығы мекемелеріне 34 бейнебақылау камерасы, 30 трактор алынып, басқа да керек-жарақтармен қамтылды. Дегенмен, мәселе мұнымен шешіле қойған жоқ.
Мәселен, «Пригородное» орман шаруашылығының аумағы 19 мың 640 гектарды құрайды. Осыдан екі жыл бұрын орман шаруашылығын өрт шалып, 500 гектар алқап жанып кеткен еді. Қазір кезде басты міндет мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеу. Бірінші кезекте орман айналасына минералды жолақ салып, жыртып шығу қажет.
– Жоспар бойынша бір айдың ішінде жыртып бітіру керек. Әсіресе, ауа-райына байланысты, егер жауын-шашын мол түскен болса, шөп тез өсіп кетеді. Сол себепті екінші рет қайталап жыртып шығуға тура келеді, – дейді орманды қорғау инженері Ағытай Тобылдин.
Орман аумағында екі өрт бақылау мұнарасы бар. Ол жердегі кезекшілер күні-түні жан-жағын шолып, бақылап отырады. Бірақ, осы биік мұнаралардың тозығы әбден жеткен. Тексеріп сараптама жасалған екен. Алдағы уақытта мұны да ауыстыруға қаржы бөлінеді деп күтілуде.
Орман шаруашылығының техника паркі де биыл біршама жаңарып қалған.
– Биыл төрт тракторды жаңаладық. Қосымша жер өңдеу соқалары, тіркеме алынды. Бізге негізі өрт сөндіру көлігі қажет. Орман шаруашылығының есебінде 8 өрт сөндіру техникасы бар. Соның үшеуі жүрмейді, қаңтарылып тұр. Қалғандары да әбден ескірген, – дейді «Пригородное» орман шаруашылығы мекемесінің басшысы Ерлан Әбенов.
Мазалайтын тағы бір мәселе. Мұнда жұмыс істейтіндердің дені зейнеткер. Жас мамандар жұмысқа келгісі жоқ. Өйткені жалақысы аз. Мысалы, көлік жүргізушісінің айлығы былтыр қосылғанның өзінде 93 мың теңге ғана алады екен.