Айдын Досқараев:  несиеге берілген қаражат көлемі 25 млрд теңгеден асты

Айдын Досқараев: несиеге берілген қаражат көлемі 25 млрд теңгеден асты

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары – Басқарма мүшесі Айдын Досқараев  өңірлік коммуникациялар алаңында журналистермен өткен  брифингте осылай деді. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның қаржыландыру шарттары мен несие бағдарламалары туралы  айтып берді.

«Қазіргі уақытта 4 бағдарлама – «Кең дала», «Агробизнес», «Іскер» және «Шағын несиелеу» бағдарламалары іске асырылуда», – деді Айдын Досқараев. –  «Кең дала» бағдарламасы көктемгі егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстары кезінде шаруаларды қолдауға бағытталған әрі бюджеттік несие есебінен жүзеге асырылуда. Банктер, несие серіктестіктері және микроқаржы ұйымдары арқылы қаржыландырғанда несие алушылар үшін жылдық мөлшерлеме 5%-ды құрайды. Бүгінгі таңда Қостанай облысының 18 несие серіктестігімен келісімшарт жасалған».

«Іскер» бағдарламасы стартап жобалар мен кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған.Бұл бағдарлама бойынша жылдық сыйақы мөлшерлеме 6 пайызды құрайды. Несие 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі.

«Агробизнес» бағдарламасы жан-жақтылы. Ол мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту жобаларын да қаржыландырады.Несиелер жеке және тартылған коммерциялық қаражат есебінен беріледі. Субсидия есебінен пайыздық мөлшерлеме 6%-ға дейін төмендетілді. Инвестициялық мақсаттағы несиенің максималды мерзімі – 12 жылға дейін.

Ал шағын несиелеу бағдарламасы 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын несие 5 млн теңгеге дейінгі сомада беріледі. Несие шарты бойынша мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін, бизнестің басқа да бағыттары үшін 5 жылға дейінгі мерзім қарастырылған.

«Есепке алғанда Аграрлық несие корпорациясының жалпы қаржыландыру жоспары 2023-жылы 500 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде Қостанай облысына 23,8 млрд теңге қаржы бөлінген. Алайда, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қажеттіліктеріне байланысты бірінші жартыжылдықта жоспар артығымен орындалып, несиеге берілген қаржат көлемі 25 млрд теңгеден асты», – дейді Айдын Досқараев.

Кездесуде журналистер көкейлеріндегі сұрақтарына толыққанды жауап алды.

 

Әсел Қибаш

Жаңалықтармен бөлісу