Мемлекеттік басқарудың жаңа кезеңі

Мемлекеттік басқарудың жаңа кезеңі

Берік Уәлидің «Елдігімізді танытқан ерен жыл» атты мақаласы 2024 жылғы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел дамуындағы стратегиялық бастамаларын ерекше атап өткен. Осы тұрғыдан алғанда, мақаланы маңыздылығы жағынан аналитикалық құжат деп қабылдадым.

Президенттің биылғы қызметіндегі ең маңызды бағыттардың бірі – өңірлік дамуды қолдау және жергілікті халықпен тығыз байланыс орнату. 11 өңірге сапар барысында халықтың қажеттіліктерін тыңдау арқылы, аймақтардағы негізгі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу жолдары нақты айқындалды. Бұл басқару ісіндегі жауапкершіліктің жоғары деңгейін көрсетеді.

Ұлттық құрылтайда көтерілген тәуелсіздік пен бірлік мәселелері – қоғамның іргетасын құрайтын негізгі идеялар. Әсіресе, бес әлеуметтік кеселмен күресу бастамасы әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғаудағы мемлекеттің батыл қадамдарын айқындайды. Мұндай заңнамалық өзгерістер елімізде әділдік пен әлеуметтік жауапкершілікке негізделген жаңа мәдениеттің қалыптасуына ықпал етеді.

Мемлекет басшысының халықаралық қатынастардағы белсенділігі Қазақстанның жаһандық аренадағы беделін арттыруға бағытталған. Әлемдік саммиттерге қатысуы мен мемлекеттер басшыларымен өткізілген кездесулер елдің экономикалық және саяси мүдделерін ілгерілетуге оң әсер етуде. Бұл сыртқы саясаттағы жаңа бағыттардың айқын белгісі.

Алматы облысында жаңа қаланың негізін қалау немесе су тасқыны кезінде шұғыл көмек көрсету сияқты нақты бастамалар Мемлекет басшысының іс-қимылдарына прагматикалық тұрғыдан қарауға мүмкіндік береді. Мұндай қадамдар халықтың сенімін арттыруда шешуші рөл атқарады.

Мақалада көрсетілген Мемлекет басшысының қызметі Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған көп қырлы стратегияның маңызды кезеңі ретінде бағаланады. Бұл Президенттің ел басқарудағы жауапты ұстанымын және болашаққа деген нақты көзқарасын көрсетеді.

Айбек ТАҢАТБАЕВ,
ҚХА облыстық филиалының қызметкері

Жаңалықтармен бөлісу