Айдарбек Ходжаназаров: «Тәуекел аз жерде төлем де аз болуға тиіс»

Айдарбек Ходжаназаров: «Тәуекел аз жерде төлем де аз болуға тиіс»

Мәжілістің жалпы отырысы өтіп, халық қалаулылары депутаттық сауалдарын жолдады. Жиында «Respublica» партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Ходжаназаров МӘСМ жүйесіндегі мәселені көтерді. 

«Respublica» партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Ходжаназаров ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновке МӘМС жүйесіндегі проблемалық мәселелер туралы депутаттық сауал жолдады.

            «Елестетіп көріңіздерші, үш бағдарламашыдан тұратын шағын IT-компания мен қауіпті өндірістік кәсіпорын қызметкерлерді сақтандыру үшін жылына бірдей – 85 мың теңге төлейді. Бұл қателік емес, бұл – заң. Мен осы заңның мемлекет пен бизнеске жүздеген миллиард теңге төлеуге неге мәжбүрлеп отырғанына тоқталғым келеді. Қызметкерлерді өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесі адамдарды қорғау үшін құрылған еді. Бірақ іс жүзінде ол барған сайын жұмысшылардың немесе бизнестің емес, сақтандыру компанияларының мүддесіне көбірек қызмет етіп келеді», – деп мәлімдеді депутат.

Халық қалаулысының сөзінше, елімізде 7 миллион қызметкер сақтандырылған. Оның 1,5 миллионы – кеңсе қызметкерлері. Яғни, бухгалтерлер, бағдарламашылар, заңгерлер, әкімшілер, яғни кәсіби тәуекелдің бірінші және екінші санатындағы адамдар. Өткен жылы осы бір жарым миллион адамның арасында небәрі 75 жазатайым оқиға тіркелген. Бұл 20 мың қызметкерге шаққанда бір жағдай ғана. Алайда олар үшін ең төменгі сақтандыру төлемі еңбек жағдайы шын мәнінде қауіпті кәсіпорындармен бірдей деңгейде белгіленген. Ал ол жерлерде жарақат алу қаупі 146 есе жоғары.

            «Мысалы, қарапайым IT-компанияны алайық. Үш бағдарламашы, жылдық еңбекақы қоры 5 миллион теңге. Экономикалық тұрғыдан негізделген сақтандыру жарнасы 14,5 мың теңге. Бірақ заң бойынша компания 85 мың теңге төлеуге міндетті, яғни шамамен алты есе артық. Бұл айырмашылық қайда кетеді? Әрине, сақтандыру компанияларына. Оның қызметкерлерінің нақты тәуекелге ешқандай қатысы жоқ. Маған шағын бухгалтерлік фирманың иесі жүгінді. Онда төрт әйел қызметкер күні бойы кеңседе жұмыс істейді. 15 жыл ішінде бірде-бір жазатайым оқиға болмаған. Соған қарамастан ол жыл сайын міндетті сақтандыру үшін 85 мың теңге төлейді. Бұл қаражатқа ол қызметкерлерінің жалақысын көтеруге немесе техниканы жаңартуға болар еді. Оның орнына ол іс жүзінде ешқашан қажет болмайтын сақтандыру жүйесінің «демеушісіне» айналып отыр. Мұндай кәсіпкерлер елімізде жүз мыңдап бар», – деді Айдарбек Ходжаназаров.

Депутат былтыр сақтандыру компаниялары 136 миллиард теңге сақтандыру сыйыақысын жинап, зардап шеккен қызметкерлерге небәрі 45 миллиард теңге ғана төлегенін жеткізді. Бұл жиналған қаражаттан үш есе аз. Ал мемлекеттік органдар жүйені реформалаудың орнына оны одан әрі қатаңдатуда. Бұрын сақтандыру болмағаны үшін ескерту жасалса, қазір шағын бизнес үшін шамамен 700 мың теңге айыппұл салынады. Ал орта бизнес үшін – 1,7 миллион теңге. Бұл полистің өз құнынан сегіз есе жоғары.

            «Германияда осындай жүйе коммерциялық емес салалық бірлестіктер арқылы жұмыс істейді. Тарифтер әр саладағы нақты өндірістік жарақат деңгейіне қарай жыл сайын қайта қаралады. Тәуекелі төмен бизнес аз төлейді, тәуекелі жоғары бизнес көп төлейді. Міне, әділеттілік деген осы. Ал бізде керісінше. Тәуекел неғұрлым төмен болса, артық төлем соғұрлым көп. Егер ең төменгі шекті кемінде 5 АЕК-ке дейін төмендетіп, тәуекелге негізделген модель енгізсек, жыл сайын тек бюджет қаражатының өзінен 120 миллиард теңгеден астам үнемдеуге болады. Себебі сақтандырылғандардың шамамен 2 миллионы мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлері. Демек, бүгінгі сақтандыру жүйесі бюджет есебінен де қаржыландырылып отыр. Жылына 120 миллиард теңге – бұл ондаған жаңа мектеп, аурухана, бюджет қызметкерлерінің жалақысын көтеру, жолдар мен өңірлік инфрақұрылым. Егер реформа 2030 жылға дейін кейінге қалдырылса, бұған дейінгі депутаттық сауалымызға берілген ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жауабында көрсетілгендей, мемлекет кемінде тағы 480 миллиард теңге артық төлейді. Сонда сұрақ туындайды, осындай айқын теңгерімсіздік жағдайында жүйе неге әлі күнге дейін қызметкерлердің, бизнестің және мемлекеттің емес, сақтандыру компанияларының мүддесіне жұмыс істеп отыр?», – деді ол.

Осыған байланысты «Respublica» партиясы фракциясы бірқатар депутаттық сауал жолдап, сұрау тастады.

            «Біріншіден, Қаржы министрлігі мен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметкерлерді міндетті сақтандырудың толыққанды тәуекелге негізделген моделіне көшу бойынша есептерін ұсынуы керек. Екіншіден, соңғы үш жылдағы қызметкерлерді сақтандыру бойынша сақтандыру компанияларының кірістері мен шығыстарының құрылымын жариялауы қажет. Бизнес пен қызметкерлер өз қаражатының қайда кетіп жатқанын білуге құқылы. Үшіншіден, кәсіби тәуекелдің нақты деңгейін ескере отырып, сақтандыру сыйақысының ең төменгі мөлшерін қайта қарау. Төртіншіден, тәуекелі ең төмен шағын бизнес пен кеңсе компанияларына негізсіз қаржылық жүктемені алып тастау қажет», – деп қорытты депутат.

Депутаттың пайымдауынша, тәуекел аз жерде төлем де аз болуға тиіс. Ал қазір бәрі керісінше екенін айтты. Сақтандыру жұмысшыны қорғауы керек, сақтандырушының табысын емес деп түйіндеді.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Сурет – бейнеүндеу барысына скреншот