Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту қарқын алды

Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту қарқын алды

Өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыстар өндірістік қуаттарды арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге серпін бермек.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамедовтің айтуынша, кейінгі жылдар аралығында өңірде жалпы құны 84 миллиард теңге болатын 144 инвестициялық жоба іске асырылып, нәтижесінде 980 жаңа жұмыс орны құрылған. Оның ішінде өткен жылдың өзінде 26,2 миллиард теңгеге бағаланған 33 жоба пайдалануға берілді.

«Іске қосылған жобалардың қатарында ірі өнеркәсіптік сүт-тауар фермаларының құрылысы, суармалы егіншілікті дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу жобалары ерекше маңызға ие. Әрбір ірі жобаның инвестициялық көлемі 1 миллиард теңгеден асады. Сүтті мал шаруашылығын дамыту бағытында жалпы құны 16,4 миллиард теңгені құрайтын төрт жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде 3,3 мың бас ірі қараға арналған кешендер іске қосылып, 140-қа жуық жұмыс орны ашылды. Бұл кәсіпорындардың жылдық өндірістік қуаты 27,2 мың тонна сүтті құрайды. Бұл өз кезегінде өңірдегі сүт өңдеу кәсіпорындарын тұрақты шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – дейді басқарма басшысы.

Суармалы егіншілікті дамыту саласында жалпы инвестиция көлемі 2,4 миллиард теңгені болатын екі жоба іске асырылып, 1,5 мың гектар жер суармалы алқапқа айналды. Бұл жобалар су үнемдеу технологияларын енгізуге және ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға жол ашты. Сонымен қатар өңірде 1,1 миллиард теңге инвестиция тартылған ет-сүйек ұнын өндіретін цех пайдалануға берілді. Бұл ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу бағытындағы маңызды қадамдардың бірі саналады.

Сүт фермаларына басымдық берілуде

Облыста сүтті мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында 49 миллиард теңге бөлініп, оның 37,8 миллиард теңгесі жалпы қуаты жылына 80 мың тонна сүт өндіретін 13 сүт-тауар фермасының құрылысына бағытталды.

«Қазіргі таңда қуаттылығы жылына 46 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік беретін жеті сүт-тауар фермасы іске қосылды. Бұл кешендерде 5,7 мың бас ірі қара мал ұсталады. Жобалар кезең-кезеңімен толық қуатына шығуда. Бағдарлама аясында биыл тағы 9 миллиард теңге қарастырылып отыр. Оның ішінде екі инвестициялық жобаны қаржыландыруға 2 миллиард теңге бөлінген», – деді ол ӨКҚ алаңында өткен брифингте.

Атап айтқанда, «Халық Агро KST» серіктестігі 5,2 мың тоннаға арналған көкөніс қоймасын салуда. Жобаның жалпы құны – 1,2 миллиард теңге. Сонымен қатар «Қостанай Осетр» серіктестігі форель өсіру және оны өңдеу цехын салу жобасын жүзеге асыруда. Бұл кәсіпорын жылына 50 тонна өнім өндіруге қауқарлы болады.

«Өңірде 2026-2028 жылдарға арналған инвестициялық жобалардың жол картасы бекітілген. Құжатқа сәйкес жалпы құны 553 миллиард теңгені құрайтын 42 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде төрт мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Биылдың өзінде құны 35 миллиард теңге болатын алты жобаны іске қосу көзделген. Оның ішінде бес сүт-тауар фермасы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ «Баян Сұлу» акционерлік қоғамының «Кондитерлік астана» жобасы жүзеге асырылмақ», – деді ол.

Бұл жоба аясында кәсіпорынның кондитерлік өнім шығару көлемі жылына қосымша 16 мың тоннаға ұлғайып, 260 жаңа жұмыс орны ашылады. Жоба толық іске қосылғаннан кейін кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 68 мың тоннаға жетеді.
Ірі өңдеу кәсіпорындары салынады

Келер жылы өңірде жалпы құны 49,1 миллиард теңге болатын екі ірі өңдеу жобасы іске асырылмақ. Біріншісі – Бейімбет Майлин ауданында салынатын астық және майлы дақылдарды сақтау мен өңдеу кешені және көкөніс қоймасы бар көлік-логистикалық орталық. Жобаның құны 10 миллиард теңге. Екіншісі – Лисаков қаласында бой көтеретін май экстракциялау зауыты. Құны 39,1 миллиард теңге болатын кәсіпорын күнбағыс пен рапсты өңдеп, жылына 174 мың тонна дайын өнім шығарады.

«Алдағы жылдары облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған стратегиялық жобалар жүзеге асырылады. Соның бірі – Бейімбет Майлин ауданында салынатын астықты терең өңдеу зауыты. «Qostanai Grain Industry» серіктестігі жүзеге асыратын жоба аясында 187 гектар жер бөлінген. Кәсіпорын іске қосылған кезде 700 жаңа жұмыс орны ашылады. Зауыт жылына 415 мың тонна астық өңдеп, глютен, крахмал, аминқышқылдары, биоэтанол және басқа да өнімдер өндіреді. Сонымен қатар Рудный қаласында құны 100,5 миллиард теңге болатын қант зауытын салу жоспарланған. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 200 мың тонна қант шығаруға мүмкіндік береді», – деді Ибрагим Бекмұхамедов.

Федоров ауданында жылына 50 мың тонна құс етін өндіретін заманауи құс фабрикасын салу көзделген. Жобаның инвестициялық құны – 66,3 миллиард теңге. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін Солтүстік Қазақстан өңірінің құс етіне деген сұранысын қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Осылайша Қостанай облысында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған ауқымды инвестициялық бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар өңір экономикасының өсуіне серпін беріп қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға, импортты алмастыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға сеп болмақ.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суретті ұсынған – ӨКҚ алаңы