Астана – Қазақстанның символы, елдің саяси, мәдени және рухани орталығы. Елорда тақырыбы ақындар мен сазгерлерге шабыт беріп, көптеген танымал әндердің жазылуына себеп болды. Бұл туындыларда қаланың ел өміріндегі маңызы, халықтың мақтанышы мен болашаққа деген сенімі байқалады.
Солардың бірі – Алтынай Жорабаева орындайтын «Елімнің жүрегі – Астана» әні. Сөзін Сараш Қоңырбаева, әнін Махамбет Түгелбаев жазған бұл шығарма тыңдарман жүрегінен ерекше орын алды. Бұл туынды 2003 жылы «Азия дауысы» аясында ұйымдастырылған байқауда жүлделі орынға ие болып, халық ықыласына бөленді. Әнде Астана тәуелсіз Қазақстанның жүрегі, елдің мақтанышы ретінде суреттеліп, патриоттық рух тудырады. Мұны әннің келесі шумақтарынан да аңғаруға болады:
«Жарқырап жайнай берші, сен, Астанам!
Өзіңе арналады ән-дастаным.
Қашан да саған іңкәр менің жаным,
Жастықтың жалауы бол, сен, Астанам!».
Автордың елордаға деген сүйіспеншілігі мен мақтанышы айқын көрініс тауып, Астана — арман мен болашақтың қаласы ретінде бейнеленеді.
Елордаға деген ерекше ықылас «Арнау» тобы орындайтын «Астана – махаббатым менің!» әнінен де байқалады. Әннің авторы – Арнау Мейрамбек Бекжігітұлы. Ән 2010 жылы шықты. Бұл шығармада Астана жастықтың және арманның мекені ретінде бейнеленеді.
«Астанам – шаттығым менің арайлым,
Шуағын жаныма нұр болып тарайды» — деген шумақтар арқылы автор қаланы адамдарға шабыт сыйлайтын ерекше мекен ретінде көрсетеді.
Ал «Астанам — Ақ Ордам» әні елорданың тәуелсіз мемлекет үшін маңызын көрсетеді. Әнін белгілі сазгер Еркен Ынтықбаев, ал сөзін ақын Иран-Ғайып жазған. Бұл туынды 2007 жылы Астана қаласының 10 жылдығына арналған байқауда арнайы сыйлыққа ие болған. Орындаушысы Роза Рымбаева «Ел жүрегі – Астана» концертінде «Астанамыздың бұдан да ерекше көркейіп, дүние жүзіндегі ең сұлу қала болатынына мен сенемін, сіздерге де сондай сенім тілеймін», — деп таныстырған болатын. Ән авторлары елорданы мемлекеттің ақ ордасы, тәуелсіздіктің белгісі ретінде бейнелейді.
Сондықтан әннің негізгі идеясы – елорданың болашағына сенім мен мақтаныш.
Қайрат Нұртас орындауындағы «Астана» әні елорда туралы ең танымал туындылардың біріне айналды. Әннің сөзін ақын Назгүл Бердіқожа жазса, әуенін композитор Самат Рыспанбетов шығарған. Әнде Астананың заманауи келбеті, сәулетті ғимараттары мен қарқынды дамуы әсерлі суреттеледі. Мұны әннің келесі жолдарынан анық байқауға болады:
«Шаттық толып әр күні,
Жұпар шашып сан гүлі,
Сарыарқаның төсінде
Жайнаған көркем Астана».
Астана тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін айқындайтын, жасампаздық пен жарқын болашаққа бастайтын қала ретінде бейнеленеді.
Ал «Жігіттер» тобы орындайтын «Арман қала» әнінде Астана көптеген адамдардың арманын жүзеге асыратын мүмкіндіктер қаласы ретінде сипатталады. Сөзін Т. Арғынғали, әнін Ержан Серікбаев жазған бұл шығарма жастардың үміті мен мақсат-мұратын бейнелейді. «Әсем биік ғимараттар арқау болған жыр ғана,
Бүкіл әлем келбетіне көз салады ұрлана.
Жайна, жайна, жаса мәңгі,
Шаттығыңа қосам әнді,
Келешегің жарқын болсын, гүл қала!» — деген жолдарда елорданың болашаққа жол ашатын, жаңа белестерге жетелейтін қала ретіндегі бейнесі көрінеді.
Ән арқылы өрілген бұл туындылар халықтың жүрегіндегі Астана бейнесін айшықтап, елорданың рухани келбетін толықтыра түседі.
Дильназ Айтуарова
