Жұмыс сапарының келесі бағыты республикалық маңызы бар А–21 «Мамлютка – Қостанай» автомобиль жолының Ұзынкөл мен Ершов ауылдары аралығындағы учаскесі болды. Мұнда жол жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарының жай-күйі қаралды.
Биыл облыстың жол саласын дамытуға шамамен 40 млрд теңге бағытталды. Оның ішінде 25,2 млрд теңге республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге бөлінген. Жыл соңына дейін жалпы ұзындығы 286,5 шақырым жол жөнделеді. Сонымен қатар 13 елді мекендегі ұзындығы 67,8 шақырымды құрайтын 83 көше орташа жөндеуден өтеді.

«Республикалық маңызы бар «Қостанай – Мамлютка» автомобиль жолының жай-күйімен таныстым. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 5,6 млрд теңге. Жұмыстар жалпы ұзындығы 43 шақырым болатын екі учаскеде жүргізілуде. Оның ішінде Ұзынкөл кентінен Ершов ауылына дейінгі 17 шақырым және Нечаев кентінен Тобыл қаласына дейінгі 26 шақырым жол қамтылған. Бүгінгі күні жол жабынын фрезерлеу, ресайклинг жұмыстары орындалып, сондай-ақ ұзындығы 13,2 шақырым учаскеде жол төсемінің төменгі қабаты төселді. Бұл жалпы жұмыс көлемінің 31 пайызы. Жөндеу жұмыстарын ағымдағы жылдың қараша айында толық аяқтау жоспарланып отыр. Жоба тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы жол қозғалысын қамтамасыз етіп, елді мекендер арасындағы көлік қатынасының сапасын арттырады», – деді облыс әкімі.
Аудандық орталық ауруханаға барып, нысанның жағдайымен танысты. Денсаулық сақтау саласындағы жобалардың іске асырылуы мен тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасы сөз болды.
«Ұзынкөл ауданында денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Соның бірі – Ұзынкөл аудандық ауруханасының ғимаратын қайта жаңғырту жобасы. Жоба Қостанай облысы әкімдігінің Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысымен жүзеге асырылуда. Қайта жаңғырту жұмыстары 1977 жылы салынған аудандық аурухана ғимаратын заман талабына сай жаңартуға бағытталған. Жоба аясында ғимараттың сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары толық жүргізіледі. Аурухана сыртқы келбеті жаңартылады. Ескі терезелер мен есіктер жаңаға ауыстырылып, шатыр толық жаңғыртылады. Сонымен қатар ғимараттың инженерлік желілері де жаңартылмақ. Атап айтқанда, жылыту, сумен жабдықтау, кәріз, электрмен жабдықтау, желдету жүйелері қайта жөнделіп, өрт дабылы мен байланыс желілері ауыстырылады. Іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары да қарастырылған. Аудандық аурухана бес блоктан тұрады. Нысанның жалпы ауданы 5 мың 268 шаршы метрден асады. Құрылыс жұмыстарының ұзақтығы алты айға жоспарланған. Жаңғырту аяқталғаннан кейін аудан тұрғындарына медициналық қызмет көрсету сапасы артып, дәрігерлер мен пациенттер үшін қолайлы жағдай жасалады», – деді облыс әкімдігі құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанапин Данияр.
Бүгінде облыста 438 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетуде. Тұрғындардың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру үшін өңірде денсаулық сақтау нысандарының желісін кеңейту жұмыстары жалғасуда.

Соңғы үш жылда облыста 34 медициналық нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде 2 емхана, 5 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт және 4 медициналық пункт салынды.

«Жаңа медициналық нысандар ультрадыбыстық зерттеу аппараттарымен, зертханалармен, оңалту жабдықтарымен және физиотерапиялық құрылғылармен жабдықталған. Бұған дейін мұндай мүмкіндіктер ауылдық жерлерде болмаған. Заманауи медициналық құрал-жабдықтардың арқасында тұрғындар аудан немесе облыс орталығына бармай-ақ сапалы медициналық көмек алып, емделу және оңалту қызметтерін пайдалана алады. Сонымен қатар профилактикалық тексерулер мен скринингтік бағдарламалармен қамту деңгейі артты. Қазіргі заманғы медициналық инфрақұрылым ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, халықтың медициналық қызметке деген қанағаттану деңгейін көтеруге және білікті медицина қызметкерлерін ауылдық жерлерде тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Өңірде медициналық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Ұзынкөл аудандық ауруханасын қайта жаңғыртуға 1,7 млрд теңге бөлінді. Жоба аясында ғимараттың қасбетін, шатырын, ішкі бөлмелерін және инженерлік желілерін толық жаңарту, сондай-ақ іргелес аумақты абаттандыру көзделген. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстары аяқталды. Мердігер ұйымды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Одан кейін құрылыс-монтаж жұмыстары басталады», – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ Нұркин және Шоқан Уәлиханов көшелерінің қиылысында салынып жатқан екі екі пәтерлі тұрғын үй қаралды. Осы жылдың шілде айында салынып бітпек. Құрылысқа бөлінген қаржы 92,8 млн теңге. Бір шаршы метрдің құны 290 мың теңге. Жалпы ауданы 320 шаршы метр.
Сапар аясында Ұзынкөл ауылында «Таза Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы да таныстырылды.

Елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндама тыңдалды.
Жұмыс сапарының қорытындысында Құмар Ақсақалов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін жобалардың маңызын атап өтіп, жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Облыс басшысы барлық бастамалардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы тұрғындардың өмір сапасын арттырудың басты кепілі екенін айтты.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
