«Әзәзіл ақша» қойылымы қалың көрерменге жол тартты

«Әзәзіл ақша» қойылымы қалың көрерменге жол тартты

Арқалық қазақ жасөспірімдер театры көрермен назарына кезекті премьерасын ұсынды.

Бұл жолғы туынды – ағылшын драматургі Рэй Кунидің «Әзәзіл ақша» комедиясы. Ерлі-зайыпты Генри мен Джейн Перкинс және олардың достары арасында өрбитін қойылым желісі көрермен санасына салмақ түсірмей, күлкі әлеміне жетелейді. Оқиға отағасының тосыннан бір дипломат ақша тауып алуынан басталады. Әрі қарай  шытырман оқиғаға толы қойылым көрермен қауымды сан түрлі ойларға шомдырады.

Автор ақша адамдарды қаншалықты өзгертетінін, жақын достар бір-біріне жат адамға айналып, тіпті жанындағы жұбайына дейін сатып кетуге дайын болатынын баяндай келе, ақыры адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі – адалдыққа салтанат құрғызады.

«Бұл – комедия жанрындағы әлемдік классика саналады. Өйткені мұны барлық әлем театры қойған, әлі де сахналана беретін туынды. Қанша байлық болып жатса да, ақыр аяғында адалдықты алып келетін қарапайым таксист. Біз «жаһандану» деп қарапайымдылықты жоғалтып жатырмыз. Әлем қазір оған қайта көшуде. Ұмытыла бастаған қастерлі құндылықты қойылым арқылы жеткізгіміз келді», – дейді театрдың бас режиссеры Ербол Абжалов.

Қойылымның бас суретшісі – Еркін Мергенов. Музыкалық көркемдеушісі – Сәбит Жанболат.

 Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген – автор

Жаңалықтармен бөлісу