Әулиекөлдің ветеринария саласында заңбұзушылықтар анықталды

Әулиекөлдің ветеринария саласында заңбұзушылықтар анықталды

Аудандық прокуратура Әулиекөлдегі ветеринариялық станция қызметіне тексеру жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықтарды анықтаған.

Мамандар тексерістің ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аса қауіпті аурулардың таралуының алдын алып, бюджеттен бөлінген қаржының дұрыс жұмсалуын бақылау мақсатында жүргізілгенін айтады.

«Қазіргі эпизоотиялық жағдайдағы қауіпті инфекциялардың таралу қаупі халық пен мал шаруашылығы үшін үлкен қатер төндіріп отыр. Сол себепті ветеринариялық іс-шаралардың сапалы әрі уақтылы орындалуы аса маңызды», – дейді бұл туралы орган өкілдері.

Атап айтқанда, мал базасына тіркелген 1 764 мал іс жүзінде болмай шыққан. 6 806 жануарға вакцина салынбаған. Бұл жерде вакцинация туралы жалған мәліметтер базаға енгізіліп отыр.

Осы заңбұзушылықтарға байланысты аудан прокуратурасы ветеринариялық дәрігерлерге қатысты 12 әкімшілік іс қозғап, жалпы сомасы 589 800 теңге көлемінде айыппұл салды.

Бұдан бөлек, прокуратура ұсынысы негізінде 16 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде ұйым басшысы мен 4 ауылдық округтің әкімдері де бар. Мемлекет бюджетіне 2292389 теңге көлеміндегі қаржы қайтарылды.

Фото: yandex.kz