Әулиекөлдіктер ауданның 96 жылдығын мерекеледі

Әулиекөлдіктер ауданның 96 жылдығын мерекеледі

Әулиекөл – Қостанай облысының орталығында орналасқан аудан орталығы. Тамыры терең, тарихы бай ауданның биыл құрылғанына 96 жыл толды.

Осыған байланысты Әулиекөл аудандық мәдениет үйінің концерт залында, аудан күніне арналған «Жайнай бер, Әулиекөл» атты мерекелік концерттік бағдарламасы ұйымдастырылды.

“Аудан орталығы Әулиекөл жеті көл ортасында жатыр. Қостанай төсінде орналасқан Әулиекөл ауданы терең тарихымен, еңбегі ерен жандарымен мақтанады. Бүгінгі күні ауданның әлеуеті қарымды дамып келеді. Аудан 1928 жылы «Семиозёр ауданы» болып құрылған, 1997 жылдан Әулиекөл ауданы болып аталады. Ұлы даланың сыр сандығындай, қойнауы шежіре бұл өлке – елім деп еміренген талай ердің туған жері”, – деді аудан әкімі Жансұлтан Таукенов аудан тұрғындарын құттықтауында.

Иә, Әулиекөл Қанапия Басығараев, Сұлтан Баймағамбетов, Қабидолла Тұрғымбаев, Батырбек Жүнісов, Әсия Берекенова т.б елдің мақтанышы мен өнер жұлдыздары, қайраткерлерін дүниеге әкелген киелі жер.

Аудан орталығында Қазақ халық аспаптар оркестрі 1977 жылы құрылған. Оркестрдің негізін қалаушы Батырбек Жүнісов. 1979 жылдан бастап «Жетікөл» оркестріне «халық көркемөнерпаздар ұжымы» атағы берілді.

Бүгінде ұжымның құрамында 21 адам бар, олардың кейбіреулері оның құрылған күнінен бастап келе жатыр. Ұжым репертуарында жүз елуден астам шығарма орындалып жүр. Оркестрдің қойылымдарында қазақ халық әндері, күй, терме, арнау және авторлық шығармалар да бар. Көптеген әндер заманауи аранжировкада ойналады. Соңғы үш жылда оркестрдің құрамында жаңа туындылар пайда болды.

Ауданның мерекелік іс-шарасы Батырбек Жүнісов атындағы «Жетікөл» халық ұлт аспаптар оркестрінің осы жаңа орындауындағы «Оппа» шығармасымен ашылды.

Көтеріңкі көңіл-күй. Бұл – Әулиекөл ауданының күніне арналған мерекелік шараның көрінісі. Алдымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар алғыс хаттармен марапатталды.

Концерттік бағдарлама бөлімінде мерекеге Қостанай ауданынан арнайы келген әртістер ән шырқап, аудандық мәдениет үйінің көркемөнепаздары да би билеп, әсем әндерін шырқады.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

 

Жаңалықтармен бөлісу