22 мая, 2025
Әулиекөл ауданында алғаш рет республикалық кәсіби шеберлік байқауы өтіп жатыр

Әулиекөл ауданында алғаш рет республикалық кәсіби шеберлік байқауы өтіп жатыр

«Ауыл шаруашылығын механикаландыру» құзыреті бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының оқытушылары мен студенттері арасындағы байқау тартысқа толы болды.

Іс-шараның салтанатты ашылуында аудан әкімі Жансұлтан Тәукенов сөз сөйлеп, қатысушыларды құттықтады. Ол өз сөзінде мұндай байқаулардың жастардың кәсіби дамуы мен ауыл шаруашылығы саласындағы мамандар даярлаудағы маңыздылығын ерекше атап өтіп, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, аудан әкімі Әулиекөл жерінде мұндай ауқымды республикалық шараның өтуі аудан үшін үлкен мәртебе екенін жеткізді.

Байқауға республика көлемінен келген үздік студенттер мен оқытушылар қатысуда. Алда қатысушыларды маңызды сынақтар күтіп тұр.

Олар Әулиекөл ауылшаруашылық колледжі аумағында сабақта меңгерген білімдерін тәжірибеде қолдану, кәсіби іс-әрекеттегі жоғары деңгейдегі біліктілік пен дағдыларын көрсетіп, сынға түседі.

Екі күнге жоспарланған сайыс барысында қатысушылар түрлі практикалық және теориялық тапсырмаларды орындайды, ауыл шаруашылығы техникасымен жұмыс істеудегі шеберліктерін көрсетеді. Бұл байқау жас мамандар үшін өз мүмкіндіктерін шыңдау, тәжірибе алмасу және кәсіби деңгейін арттыру үшін үлкен мүмкіндік.

Әулиекөл ауданында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған бұл кәсіби шеберлік байқауы өңірдің ауыл шаруашылығын дамытудағы жаңа серпіні мен болашақ мамандарға көрсетілген зор қолдаудың дәлелі болмақ.
Бұл орайда осындай ауқымды бастаманың өтуіне Әулиекөл ауылшаруашылық колледжінің басшысы Альмира Жансүгірованың еңбегі зор.

Толығырақ газеттің кезекті номерінен оқи аласыздар.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді түсірген Жансая Сәбитбек