Қостанай қаласының іргесіндегі Заречный ауылының тұрғыны Ләззат Доспаева енесінің күнделікті өмірін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялап отырады.
Екеуі бірге ет асып, жер ошаққа бауырсақ пісіргені, май шыжғырып, құрт езіп үй тірлігін бөлісе атқарған сәттерінен әдемі бейнежазба жасап шығарады. Бір қарасаңыз әншілердің кешіне барып, концерт тамашалап отырады. Енді бірде дүкен аралап, сауда-саттық жасап жүреді. Бір қарағанда анасы мен қызы ма дерсіз. Сондай бір әдемі, жып-жылы қарым-қатынас.

«Әулетке келін болып түскеніме 23 жылға таяды. Екеуміз шаруаны бөлісе атқарамыз. Апам әлі күнге біраз шаруаны өзі істейді. Ол кісінің пісірген тамағына дейін дәмді. Балалар меннен гөрі әжелерінің асын ұнатып жейді. Осы күнге дейін маған дауыс көтеріп, бетімнен қаққан емес. Қызындай қамқорлық танытады. Білмегенімді үйретеді. Апамның ашуы – шай орамал кепкенше. Ренжісе 5 минуттан соң ашуы тарқап сала береді»,-дейді Ләззат Доспаева.
Ләззат апай жолдасы Нағашыбаймен 2003 жылы отасқан. Ол кезде енесі Тазагүл апаның 60-тан асқан шағы. Үйдің ұл-қыздары өз алдарына шаңырақ көтеріп, бөлек шығады. Ал кенжесі Нағашыбай ағай қара шаңыраққа ие болып қалады. Ертеректе бұл кісілер Жангелдин ауданының Шилі деген ауылында тұрған. 2018 жылы Заречныйға көшіп келіпті.
«Енемен бірге тұрған жақсы. Жұмысқа кетсең, қонаққа барсаң да балалар әжесімен үйде алаңсыз қала береді. Үлкен кісілер шаңырақтың құт-берекесі, қазынасы, шежіресі. Қариялардың ақыл-кеңесін алған адам жаман болмайды. Біздің үйде етті әлі күнге енем ұстайды. Сондықтан қонаққа етті мүшелеп ұсынуды әлі дұрыс меңгермедім. Апама бәрін айтып отырады. Соны орындаймыз»,-деп жымиды кейіпкеріміз.
Нағашыбай ағай мен Ләззат апай бүгінде бес бала тәрбиелеп отыр. Үлкен қыз Нұрсезім тұрмыста. Одан кейінгі қызы Гүлзат студент. Жансезімі Қостанай қаласындағы «Озат» мектебінде 9-сыныпта оқиды. Жаңыл мен Азат Заречныйдағы жайлы мектепте бірі 3-сынып, екіншісі 4 сыныпта білім алуда.
Немерелерінің ортасында ойнап-күліп жүрген қарт ана Тазагүл Тайшы 1 наурыз күні 88 жасқа келді. Отағасынан 42 жасында жесір қалған апамыз шиеттей 7 баласын бағып-қағып, қатарынан кем қылмай өсіріп жеткізді. Бүгінде сол аналық еңбегінің қызығын көруде.
«Ертеде қыздарға құда түсіп келсе бере беретін. Мен сол заманның лебімен 17 жасымда келін атандым. Жолдасым қайтқанда кенже ұлым Нағашыбай небары 9 жаста еді. Марқұм енем балаларды жеткізуге көмектесті. Қазіргі уақыт нағыз тамаша кезең ғой. Келініме артық мін тақпаймын. Осы күнге дейін артық сөз айтысып, тартысып көрмедік. Үйдің берекесі әйелдің қас-қабағында. Мен түртсем келіншектің де тілі шығады ғой. Сондықтан сіз-біз десіп, сыйласып өткенге не жетсін»,-дейді қарт ана.
Әжей 88 жасқа келсе де шаруадан қол үзген емес. Бір мезгіл таба нан көміп, құрт езіп, немерелерінің аузына тосады. Бір қызығы құрт езгенде ожаудың орнына қойдың бас сүйегін қолданады екен. Тағы бір қызығы қарт ана ұялы телефонның тілін меңгеріп алыпты. Кәдімгі мобильді телефондағы ватсап қосымшасын қолданып, ютубтан ақындар айтысын тамашалайды.
«Апам бұрын радио тыңдайтын. Біз телефоннан бас алмайтын кездері «Андағы бәлелерің құлақтарыңа жабысып қалып «апаламайсыңдар ау» дейтін. Қазір өзі де үйреніп алды. Түнімен қосып қойып, телефоннан өлеңдер, айтыс тыңдап жатады»,-деп әзілдеді келіні.
Ене мен келін арасындағы осындай жылы қарым-қатынас лайым жалғаса берсін дейміз. Айтпақшы, келіні Ләззат енесін қалада өтетін белгілі әншілердің концертінен қалдырмайтын көрінеді. Бұл да бір сыйластықтың белгісі іспеттес.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Әли Сәлім
