Шағын ауданының тұрғындары бұл күнді ерекше тағатсыздана күтті. Жаңадан бой көтерген қалашық жұрты өздерінің маңайында кең, жарық балабақшаның болғанын армандап келді. Бүгін елдің ол тілегі де орындалды. 280 орынға есептелген сәнді ғимарат ықшам ауданның еңі кішкентай тұрғындары үшін жайлы шаңыраққа айналғалы тұр.
Ғимараттың ашылу салтанатына облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы барып, шағын аудан тұрғындарын құттықтады.
«Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі әр балаға мектепке дейінгі сапалы білім мен тәрбиемен қамту. Мемлекет басшысы осы мәлелеге баса назар аударып жүргенін білесіздер. Тиісті тапсырмалар беріліп, бағдарлама бекітілді. Міне, осы мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында екі жылдың ішінде облыста он балабақша ашылды. Үш жастан алты жасқа дейінгі балалар облыста жүз пайыз балабақшамен қамтылса, екі жастан алты жасқа дейінгі бүлдіршіндердің көрсеткіші тоқсан екі жарым пайыз жетіп отыр. Алдағы уақытта бес-алты балабақша ашылса, жүз пайызға жетіп қаламыз деген ойдамыз. Енді бұл жердегі ата-аналар балаларын жетелеп, басқа аудандарға қатынамайтын болады. Осы балабақшаның ашылуымен сұраныс жиырма бес пайызға азайды», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Мемлекет қашанда елге қолайлы жағдай жасауға тырысады. Осыған дейіносы ауданға тағы бір орта мектептің қажет екені жөнінде бастама көтерілген болатын.
Ол келешек мектебі бүгінде бой көтерді. Осы жерден емхана ашылды. Дене шынықтыру сауықтыру кешені жұмыс істеп тұр. Биыл бұл аумақтың жолын ғана емес, қала бойынша үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Көптеген аулалар реттеліп келеді. Жыл аяғына дейін мемлекеттік бюджеттің есебінен тағы бірнеше балабақша ашу жоспары тұр. Ол жұмыстарға жеке инвесторлар да тартылатын болады.
Балабақшаға шөбересін жетелеп келген Бақыт әжейдің бүгінгі қуанышында шек жоқ.
«Осы шағын ауданға Меңдіқара ауданының Байғожа ауылынан көшіп келгенбіз. Немерелерім-шөберелерім бар. Немерем Дәурен әкімдік қарамағында жұмыс істейді. Бір немерем сотта. Балабақша ашылғанына қуанып, шөберемді осында алып келдім. Бір немерем Ақтөбедегі дәрігердің оқуын аяқтап жатыр. Бәрі құтты болсын. Бөбектер осы жерден өсіп-өне берсін. Отанымызға тыныштық, ел-жұртымызға амандық берсін. Жастар бақытты, ғұмырлы болып, биіктен көріне берсін!» – дейді Бақыт Қапешова.
Аруна Борашқызы болса, жаңадан ашылған балабақшаға екі бірдей баласын беруге асығып жеткен. Өзі де осы саладан алыс емес екенін айтып жатыр.
«Біз осы шағын ауданға Әулиекөл ауданынан келіп жатырмыз. Жақында біржолата қоныс аудардық. Жаңа жерде жаңа технология бар дегендей, балаларымды бірден осы балабақшаға беретін болып жатырмын. Үлкенім бес жаста. Енді даярлық сыныпқа барады. Кішкентайым үш жаста, ортаңғы топқа беріп жатырмын», – дейді Аруна.
Ол осыған дейін Әулиекөлдегі «Алтын бесік» балабақшасында тәрбиеші болып істеген. Осындан екі ай бұрын ол жақтағы жұмысынан шығып, осында келіп жатқан жайы бар. Аруна 2020 жылғы Қостанай педагогикалық колледжінің түлегі. Тәрбиеші мамамандығын алып, содан бері осы салада келе жатыр.
Жанар Ысқақ есімді тұрғын ата-аналар атынан елге алғысын білдірді:
«Ата-ана ретінде біздің шағын ауданымызда осындай балабақшаның ашылып жатқанына өте қуаныштымыз. «Әуежай» шағын ауданы күннен-күнге гүлдей жайнап, қарқынды дамып келеді. Бұл ауданда алғаш рет бой көтерген Әлихан Бөкейхан атындағы білім ордасы мен осы жылы жаңадан ашылған 32-ші келешек мектебі балаларымыздың сапалы білім алуына зор үлесін қосып келеді. Білім саласын дамытып, еліміздің көркейіп дамуына, кішкентай бүлдіршіндердің жарқын болашағына жасалып жатқан игі бастамалар үшін Мемлекет басшысына айтар алғысымыз шексіз», – деді Жанар Ысқақ.
Жанар Ысқақ та баласын жетінші шағын аудандағы балабақшаға баласын апарып келген. Енді үйінің жанынан жайлы орын ашылғанына аса қуанышты. Білім саласының ардагері Сәуле Кәрімова екеуі жаңа нысанның лентасын қиды.
Бұл мереке тек мұғалімдер мен балаларға ғана емес, ата — аналарға-жас ұрпақты тәрбиелеуде басты одақтастар мен пікірлес адамдарға арналған. Олардың қатысуы, жылуы мен назары кез келген білім беру ісінің сәттілігінің ажырамас бөлігі болары сөзсіз.
Бұл жоба «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, халықтың мектепке дейінгі білімге қолжетімділігін арттыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі болды.
Салтанатты ашылу рәсіміне «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамбетов және облыстық мәслихат депутаты Гүлмира Дамбаулова қатысты.
– Сапалы мектепке дейінгі білім мен қолжетімді инфрақұрылым — өңірдің орнықты дамуының маңызды бөлігі. Мұндай әлеуметтік нысандар нақты қажеттілік бар жерлерде салынуы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, – деді Алмат Досмұхамбетов өз сөзінде.
Соңғы екі жылда партияның Сайлаулады бағдарламасы аясында облыста 4 балабақша бой көтерген болатын. Аталған балабақшаның ашылуымен Қостанай қаласындағы мектепке дейінгі кезек 25 пайызға қысқарды. Жыл соңына дейін тағы бірнеше балабақша пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Бұл өз кезегінде орын тапшылығы мәселесін жүйелі түрде шешуге мүмкіндік береді. Соңғы екі жылда партияның Сайлаулады бағдарламасы аясында облыста 4 балабақша бой көтерген болатын.
Жергілікті тұрғындар жаңа балабақшаны көптен күткен болатын. Олар бұл күнді Әуежай шағын ауданының әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған маңызды әрі қуанышты оқиға ретінде бағалап отыр. Ата-аналар балаларын заманауи, қауіпсіз және ыңғайлы мекемеге сеніммен тапсыра алатынына риза.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суретке түсірген Бердіболат Көркембаев