Арқалықта айтыскер ақынның мерейтойы аталып өтті

Арқалықта айтыскер ақынның мерейтойы аталып өтті

Арқалықта белгілі айтыскер ақын, жерлесіміз Отар Нұрманғалиұлының 80 жылдығына арналған мәдени іс-шаралар көрініс тапты.

Ежелден бақ қонып, қыдыр дарыған Торғай топырағында талай от ауызды, орақ тілді ақындар өткен. Арқалы ақындар: Жұмабай, Қашқынбай, Нұрхан, Сәт, Ахметхан, Құтжандардың артына қалдырған кесек жырлары осының айғағы. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары айтыс қайта жаңғырғанда Қонысбай Әбіл, Бүркіт Бекетов, Қабден Байқасынов, Игілік Бейсенбаев, Жадыра Құтжанова, Әлпия Орманшина секілді дүлдүл ақындарымыздың қатарында Отар Нұрманғалиев ағамыз да бар еді.

Ақынның айтулы мерейтойына орай ұстап-тұтынған заттары, құжаттары қаладағы облыстық «Дала өлкесі тарихы» музейіне салтанатты түрде тапсырылып, облыстық қазақ жасөспірімдер театрында дүбірлі жыр додасы ұйымдастырылды.

Ақындар айтысында «Айтыстың ақбоз атты аруы» атанған Жадыра Құтжанова, айтыс ақтаңгері Айбек Қалиев,есімдері елге кеңінен танылған айтыскер ақындар Бағила Балмашева,Мамай Ізтілеуов,Салтанат Өтелбаева, Ғалымгерей Кенжеғозин, Байбатыр Ахметбеков,Тоба Өтепбаевтаржыр көрігін қыздырды.

Айтыстың беташарындаАрқалық қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров жылы лебізін білдіріп, «Ақпарат саласының үздігі», Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Мұхарбек Жәкей арнау жырын оқып ашып берді.

Жыр бәйгесіне түскен сегіз ақын: Тоба Өтепбаев – Жадыра Құтжанова, Бағила Балмашева – Байбатыр Ахметбеков, Ғалымкерей Кенжеғозин – Салтанат Өтелбаева, Айбек Қалиев – Мамай Ізтілеу осылайша жұп-жұп болып, айтыс аламанында үзеңгі қағыстырды.

«Отар ақын руханиятқа қызмет етті,

Жүрсе де «К-700 — тің» рөлінде», –деп ақынның шабытты ізбасарларының бірі – рудныйлық ақын Ғалымгерей Кенжеғозин жырлағандай айтыс барысында жыр сүлейлері Отар ақынның халқымыздың айтыс өнеріне қосқан сүбелі үлесін, осы бойға бітті табиғи өнерінің арқасында аты жазылған алып техника тізгіндегенін, ұлағатты ұрпақ өсіріп, өмірінің соңғы жылдарында имандылыққа толық бетбұрып асыл дініміздің өрістеуіне мол еңбек сіңіргенін кестелі жырмен өрнектеді.

Ақындарды мерейтой иесінің ұрпақтары Алтынай Отарқызы, Азамат Отарұлы және Отар ағамыздың ет жақын інісі, ҚР Мәдениет қайраткері Бөлтірік Молдашұлы марапаттап, сый-құрмет көрсетті. Марқұмның рухына арналып, қалалық «Мұхтасиб Әлмұхамед» мешітінің асханасында құран оқылып, үлкен ас берілді.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

                                                                                                    Арқалық қаласы