Мемлекеттік қолдау арқылы оңалту орталығын аштық

Мемлекеттік қолдау арқылы оңалту орталығын аштық

Біз отбасымызбен  медицина саласының мамандарымыз. Мен – реабилитолог, жолдасым, Арман Жақсылық – балалар хирургі. Өзіміздің жеке медициналық орталығымызды ашуды көптен бері армандап жүргенбіз. Мемлекеттік қолдаудың арқасында арманымыз ақиқатқа айналды.

2020 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде гранттық қаржыландыру үшін байқауға қатыстым. Байқау комиссиясының алдында Арқалық қаласында «Zhaksylyk» оңалту орталығын ашу туралы жобамды таныстырдым.

Орталықта туа бітті немесе жүре пайда болған ауру түрі мен жарақаттар салдарынан мүгедектікке шалдыққан адамдардың денсаулығы мен еңбекке қабілеттілігін қалпына келтіруге арналған медициналық, психологиялық, педагогикалық, кәсіби іс-шаралар кешені жүргізіледі. Ол кезде Арқалық қаласында мұндай медициналық мекеме мүлде жоқ-тын. Бірақ, мұндай қызметке тұрғындардың сұранысы жоғары еді.

Біз ұсынған бизнес-идея қолдау тауып, мемлекет тарапынан 5 млн теңге көлемінде грант берілді. Бөлінген қаражатқа қызметтердің кең спектрін көрсету үшін модульдер жиынтығы бар аралас физиотерапия аппаратын сатып алдық.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес кәсіби медициналық қызметтер көрсету және жұмысқа білікті мамандарды жалдау үшін кәсіпкерлік субъектісінің тиісті лицензиясы болуы тиіс. Осыған байланысты «Меруерт» жеке кәсіпкерлігін 2020 жылы «Арман-Меруерт» ЖШС деп қайта құрдық.

Күні кеше облыс әкімдігінде өткен отырыста аймақ басшысы Құмар Ақсақалов шағын және орта бизнестің жұмысын одан әрі дамытуды тапсырды. Жаңадан ашылған кәсіпкерлік субъектілерін демеу мақсатында қолға алынған мемлекеттік қолдаулар өте көп. Соның бәрін тиімді пайдаланып, бизнес бастауға шақырамын. Біздің оңалту орталығы грант қаржысы арқылы өркендеп келе жатыр. Облыс басшылығы мен өңірлік кәсіпкерлер палатасына бізге сенім артқаны үшін алғыс айтамын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ауыл медицинасының ахуалын жақсарту жөнінде тапсырма бергені белгілі. Ауылдағы ағайын бұл өзгерісті жылма жыл сезінуде. Біздің оңалту орталығы Президент тапсырмасының іске асуы бағытында жарқын үлгі.

Рас, бәрі бірден болмайды. Алғашында медициналық орталыққа арналған орынды жалға алдық. Былтыр өзімізге тиесілі жеке ғимаратты сатып алдық. Оның өзіне мемлекеттік қолдаудың арқасында жеттік.

Кәсібіміздің әлеуметі зор. Сол себепті «Арман-Меруерт» ЖШС 2024 жылы әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілді.

Коронавирус пандемиясынан кейін халық тыныс алу жолдарының ауруларын емдеуге және одан кейін оңалтуға көбірек жүгіне бастады. Дәрігер диагноз қою үшін лор мүшелерін механикалық тексеру әдісін қолданады. Алайда, бұл әдістің өзіндік шектеулері бар. Арқалық пен жақын маңдағы аудандардың тұрғындары медициналық тексеруден өту үшін облыс орталығына немесе Астанаға баруға мәжбүр болды. Аталған жайсыздықтарды ескере келе, заманауи жабдықтар – лор-комбайн сатып алуға шешім қабылдадық.

ЛОР-комбайн өзінің күрделілігінің арқасында пациентті дәлірек және ыңғайлы процедурамен қамтамасыз ете алады. Оптикалық жүйе мен ажырату қабілеті жоғары бейнекамералардың арқасында ЛОР-комбайны ең кішкентай патологияларды анықтауға мүмкіндік береді және дәлірек диагностика мен емдеуге ықпал етеді.

Аталған жабдықтарды сатып алу үшін тағы да мемлекеттік қолдауға жүгіндім. Осы уақыт аралығында гранттық қаржыландыру шарттары да өзгерді: 2024 жылдан бастап 5 млн.теңгеге дейінгі гранттар байқауына тек әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері, сондай-ақ «бір ауыл-бір өнім» жобасының финалистері қатыса алады. Бұрын негізгі талап бизнес-идеяның жаңашылдығына қойылса, қазір жобаның әлеуметтік бағытына баса мән беріледі.

Ұсынған жобамыз байқау комиссиясының қолдауына ие болып, соның арқасында «Zhaksylyk» оңалту орталығы ұсынылатын қызметтер спектрін кеңейтті.

Бүгінде орталықта 25 адам жұмыс істейді, өткізу қабілеті – күніне 50-60 пациент.

Орталықта PRP-терапия, емдік дене шынықтыру, массаж, Дарсонваль әдісі бойынша ультракүлгін сәулесі, биоптрон, электрофорез және т. б. қызметтер көрсетіледі.

Мемлекеттік қолдау – кез-келген бизнеске жан бітіріп, екінші тынысын ашады. Кәсіпкерлерге осындай тамаша мүмкіндік беріліп отыр. Ендеше, тың жобалар, ерекше бизнес-идеяларыңыз болса мемлекеттік қолдауға ие болып, облыс экономикасын алға сүйреуге үлес қосайық.

Ұлт саулығын жақсарту алғашқы медициналық көмектен басталады. Президент тапсырмасы бойынша елімізде ауылдық жердегі медицина жүйесін жаңғыртуға арналған ұлттық жоба жүзеге асуда. Аудандық ауруханалар заманауи құрылғылармен жабдықталуда. Бұл тұрғыда біздің орталық алдыңғы шепте

Меруерт ҚҰЛСЕРІКОВА,

Медицина қызметкері

Арқалық қаласы