Қостанай облысында әскер қатарына шақырылуы тиіс 18-27 жас аралығындағы жиырма бес мыңға жуық азамат тіркеуде тұр. Елімізде жыл сайын осы жас аралығындағы барлық азаматтар әскерге шақырылады.
Қорғаныс істері жөніндегі басқармалардың бөлімдері жергілікті тіркеуде тұрған азаматтарды зерделеу ісін бастап, әскерге шақырылғандар аудандық, қалалық медициналық комиссиясынан өтеді. Одан соң комиссиядан өткендер облыстық жинақтау пунктіне келеді. Ол жерде де медициналық тексеріс жүргізіледі.
Талапқа сай барлық кезеңнен өткендер әскери команда құрамына енеді. Бұл жалпы тәртіп. Үкіметтің өткен жылдың 31 желтоқсанында шығарған қаулысына сай әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу қағидалары жаңарды. Жаңашылдықтар туралы Қостанай облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Еркеғали Әубәкіров айтып берді.
Еркеғали Әубәкіров:
«Қостанай облысы аумағында кезекті әскерге шақыру науқанына дайындық аясында қазіргі уақытта мерзімді әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтарды зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Яғни, олардың есептік деректері нақтыланып, алдын ала іс-шаралар ұйымдастырылып, шақырылушылардың жеке істері қалыптастырылуда. 2026 жылғы көктемгі шақыру 1 наурыз бен 30 маусым аралығында, ал күзгі шақыру 1 қыркүйек пен 30 желтоқсан аралығында жүзеге асырылады. Шақыруды кейінге қалдыруға немесе босатуға заңды негіздері жоқ 18 жастан 27 жасқа дейінгі Қазақстан Республикасы ер азаматтары шақырылады».
Жоғарыда әскерге шақыру тәртібіне өзгерістер енгізілгенін жаздық. Ол өзгерістер цифрландыруға, шақырушыларды алдын ала тексеруге және әскерге шақыру ісіне полицияны жұмылдыруға қатысты.
– Алдын ала тексеру деп отырғанымыз, әскери комиссариаттың лауазымды тұлғалары әскери бөлімдердің өкілімен бірлесіп, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінен шақырылушы туралы толық дерекқор жинайды. Онда шақырылушының:
– жұмыс (оқу) орны туралы;
– білімінің бар-жоғы туралы;
– отбасы құрамы туралы;
– жүргізуші куәлігінің бар-жоғы туралы;
– Қазақстан Республикасының аумағында болуы туралы;
Бұл деректер тізімі қорғаныс істері департаментіне жіберіледі.
Полиция:
– Әскерден жалтарғандарды іздеу;
– Әскери міндетін орындаудан жалтарған адамдарды іздестіру және ұстау;
– Әскерге шақырылғандарды жөнелту кезінде шақыру пункттері мен жинақтау пункттерінің аумағында (оның ішінде вокзалдар мен әуежайларда) патрульдеу жүргізу;
– Шақырылушыларды қызмет өтейтін орындарға жеткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге міндетті.
Телефон нөмірге хат және eGov порталындағы жеке кабинетіне электронды шақыру қағазы жіберіледі.
– Хатта қай күні, қай мекенжайға қандай себеппен келу керек екені жазылады.
– Деректер базасында азаматтың телефон нөмірі туралы мәлімет болмаса, қағаз түріндегі шақыру оның үйіне немесе жұмыс орнына, оқу орнына жіберіледі. Жергілікті әскери басқару органдарының уәкілетті адамдары, ұйым басшысы не пошта операторының курьері шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне табыс етіп, қол қойдырады.
– Шақырылушының телефон нөмірі өзгеріп кетсе немесе eGov порталына және нөміріне жіберілген шақыру хабарламасын оқымаса, ол тиісті түрде хабарланған деп танылмайды.
– әскерге шақырту алған азамат белгілінген мерзімде келе алмаса, өзінің шақырған жергілікті әскери басқару органдарына хабар беруге міндетті.
Жайдан жай келмей қоюға болмайды. Келе алмаудың да нақты себептері бар:
– ауыр сырқат;
– жақын туыстарының, жұбайының қайтыс болуы;
– зілзала, адамды белгіленген мерзімде келу мүмкіндігінен айыратын өзге де себептер;
– неке қиюды мемлекеттік тіркеу;
– Қазақстан Республикасынан тысқары жерде болуы.
Яғни, бұл себептермен келмесе, тиісті орган полицияға жүгінеді.
Әскерден кімдер босатылады?
– Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарында қорғанысты, қауiпсiздiк пен құқықтық тәртiпті қамтамасыз етуге байланысты лауазымдарда жұмыс iстейтiн адамдар.
– мемлекеттiк, азаматтық және эксперименттік авиацияның авиациялық персоналы;
– ауыл шаруашылығында және ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу ұйымдарында жұмыс iстейтiн адамдар, егіс және егiн жинау жұмыстары кезеңiне;
– күндiзгi нысанда оқытатын бiлiм беру ұйымдарының педагогтері, оқу жылы кезеңiне;
– күндiзгi нысанда оқытатын бiлiм беру ұйымдарында оқитындар;
– әскери мiндеттi әйелдер;
– әскери мiндеттілер, запасқа шығарылғаннан кейiнгі екi жыл ішінде;
– он сегiз жасқа дейiнгі үш және одан да көп баласы бар адамдар;
– оларға қатысты анықтау, алдын ала тергеу жүргiзiлiп жатқан немесе сот қылмыстық iсін қарап жатқан адамдар;
– Қазақстан Республикасы Парламентiнiң немесе жергіліктi өкілді органдардың депутаттары, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдері болып сайланған әскери міндеттілер босатылады.
– Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған азаматтар жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке шақырудан босатылады.
– Соттылығы бар азаматтар.
Денсаулығына байланысты да босатылады
– Денсулық жағдайына байланысты әскерден босатуға жататын аурулардың тізімі бар. Мысалы, туберкулезбен, көз ауруымен, қатерлі ісікпен және басқа да аурулармен ауыратын адам әскерге мүлдем жарамсыз деп танылады. Тізім мерзімді түрде жаңартылып отырады.
Әскери кафедрада оқу әскерден босата ма?
– Университеттің әскери кафедрасында оқығандар оқу орнын бітірген кезде лейтенант шенін алады және әскери қызметке шақырылмайды. Алайда кейбіреуі әскерге баруға міндеттеледі. Жыл сайын үкімет қанша запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру керек екені туралы қаулы шығарып отырады.
Балама қызмет қарастырылмаған
– Қазақстанда баламалы әскери қызмет жоқ. Алайда, Қорғаныс министрлігінің «Әскери-техникалық мектеп» филиалдарында әскери есептік мамандық алуға болады. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға сәйкес, 24 пен 27 жас аралығындағы азаматтар Қорғаныс министрлігінің «Әскери-техникалық мектептері» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының филиалдарында ақылы негізде әскери дайындықтан өте алады. Осылайша мерзімді әскери қызметтен өтпеген жастар базалық әскери білім ала алады. Оқу мерзімі – 40 тәулік. Әскери-техникалық мектептің түлектері мерзімді әскери қызметке шақырылмайды.
Сералы МЫРЗАБАЙ
