Ауданның белсенділері жалғыз ілікті зейнеткерлерге қолғабыс жасауды әдемі дәстүрге айналдыруда. Жуырда өнегелі жас буынның бір шоғыры жиналып, қарттардың үйінің маңайын тазалап, қарын ашып ел сүйсінер іс жасады.
Бұл бастама республикалық «Қар десанты» акциясының аясында жүзеге асты. Шамамен 10 адам бірігіп, жалғызбасты зейнеткер Ольга Шиховаға көмектесті. Айналасы 1,5 сағаттың ішінде маңайдың қарын күреп, аула ішін мұнтаздай етіп тазалап шықты.

Елгезек еріктілердің қамқорлығына әжей де риза. Үлкенге құрмет білдірген кішілер бір марқайып қалды. Жақсылыққа ұмтылған жастардың қатарында Денисов кәсіптік-техникалық колледжінің студенттері Китнер Юлия мен Галбин Иван, сондай-ақ аудандық Жастар ресурстық орталығының белсенділері болды.
«Экологиялық мәдениетті дамыту жөніндегі «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру аясында аудан жастары үлкен кісілерге көмек көрсетуде. Мұндай іс-шаралар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, еріктілер қозғалысын дамытуға және жастар мен өңір тұрғындарының әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған. «Қар десанты» акциясы елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартумен қатар, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға нақты көмек көрсетуге ықпал етеді»,-деді Денисов аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Татьяна Алпысбаева.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Денисов ауданы
Суреттерді жастар ресурстық орталығы жолдады
