Әсия Беркенова:  «Тәуелсіздік айтысқа жаңа леп әкелді»

Әсия Беркенова: «Тәуелсіздік айтысқа жаңа леп әкелді»

«Әйел әлемінің» бүгінгі кейіпкері Алашқа әйгілі қайраткер. Сөз сарасын сіміріп ішкен айтыстың ақберені, Қазақстанның халық ақыны, Халық ағарту ісінің үздігі, Қостанай облысының құрметті азаматы Әсия Беркеновамен Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында сұқбаттасудың сәті түсті.

«Жүрсін Ерманның еңбегі ересен»

 

Әсия апай, кеңес дәуірінде бала болсақ та өзіңіздің замандастарыңыздың айтысын теледидардан қарап, қызығып отыратынбыз. Сол дәуірдегі цензурадан астарлап айтуға тура келді. Ал, тәуелсіздік жылдарындағы айтыстың рөлі мен мәртебесі қай деңгейде?

– Жалпы, тәуелсіздік саяси тұрғыда келген десек, қателесеміз. Біз тәуелсіздікке бабалар мәдениетімен, өнерімен, салт-дәстүрімен қол жеткіздік. Себебі, кешегі кеңес дәуірінде тасада қалған салт-дәстүр, кейбір мәдени іс-шараларымызды кәдімгідей жарқыратып ашық түрде жасай бастадық. Әрине, кеңес дәуірінің 80-ші жылдары айтыс жандану, ренессанс кезеңіне дөп келді. Кеңес дәуірінде айтыс үгіт-насихат, яғни, «сын түзелмей, мін

түзелмейді» деген құрал ретінде сахнаға шықты. Сол кездегі шаруашылықтардың проблемалары, олқылықтар, социалистік жарыстардан қалып қойғандар, міндеттерін дұрыс орындамағандар ақынның сын садағына ілінеді, қарсыласыңның аймағындағы кемшілікті бетіне басқанда ғана ұпайың жоғары.

Тәуелсіздік жылдары Жүрсін Ерманның еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Айтысты өлтірмей, баба өнеріміздің екінші ренессансын алып келді. 90-шы жылдың басында шаруашылықтардың, дәрігерлердің, мұғалімдердің, жалпы қызметкерлердің жалақысыз, зейнеткерлердің зейнетақысын ала алмай жүргені сынға алынды. 92-ші жылдың аяғында марқұм Оралхан Бөкей «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып тұрғанда, Алматыдағы Республика сарайында үлкен республикалық айтыс өткізді. Нағыз бар мен жоқтың уақыты еді. Сол дәуірде Мұхамеджан Тазабеков, марқұм Оразалы Досбосынов сияқты жарқыраған жастар келіп, айтысқа жаңа леп әкелді. Үгіт-насихаттың бұрынғы заманауи жеткен жаңа формасы, термелетіп-толғаулатып, бес ғасырды жырлаудың заманауи үлгісін жеткізді.

Дегенмен, әр заманның өз ерекшелігі бар. Сіздер бағзыдан келе жатқан сахна мәдениетін қалыптастырып, айтыс деген мұрамыздың қаншалықты салмақты өнер екенін мойындаттыңыздар. 

– Біздің кезіміздегі, 80-90 жылдардың басындағы өзіміздің шоғырымыз бар – Әселхан, Айтақын, басқа да ақындар айтыстың табиғатын сақтап әкелдік. Одан айтыс жаман болған жоқ, одан әрі жаңа қырларынан танып, көпшілік қабылдады. Кейін «балды көп жесең жүрегің айнып кетеді» дегендей, халықты қызықтырмай қойғаны өтірік емес. Содан кейін тағы бір топ жастардың легі келді. Солай айтыс тәуелсіздіктің таңына қуана отырып, «елімізді осындай қылдырамыз» дегеннің өзінде де ішінара жемқорлықтың да бар екенін жасырмай, әлі де болса туған тіліміздің мемлекеттік мәртебесіне ие бола алмай отырғанына, Ата заңымызда мемлекеттік тіл деп жазылғанмен де, іс жүзінде қазақстандықтарды қынжылтып келе жатқаны айтылып жатты. Әлі де айтылып келе жатыр. Бір жазылмайтын жара секілді қалып қойды. Бірақ айтыс тәлтіректесе де, өлмеді. Кез келген өнерде өзгерістер болып жатыр. Мысалы, эстрадалық әндердің де көбісі өзгеріске ұшырап, батысқа еліктеу, сандырақ әндер, сапасыз сөздер секілді өзгеріске ұшырағанда, оның қасында айтыс өзіміздің ата өнеріміз, сөздің шұрайын шығаратын кереметтей сөздерге шебер ақындарды әкелді. Мысалы, Мұхтар Ниязовтың өзі неге тұрады? Бекарыс Шойбектер шықты. Одан бөлек, 2012 жылы Дархан Мыңбай жыл сайын өтетін «Алтын домбыра» сөз сайысын енгізді. Мәдениет министрі болып тұрған кезде, айтыстың беделін көтерді. Сол үрдіс әлі жалғасып жатыр. Кейін «Асыл домбыра», сосын «Күміс домбыра» деп шықты. Енді «Қола домбыраға» деп шығып жатыр. Жақында, оқушылардың арасында да айтысты насихаттау басталды. Жалпы, Президентімізден бастап ұлттық құндылық домбыраға деген көзқарасы, ЮНЕСКО-ның адамзат құндылығына кіргені, ата өнеріміз, айтыстың жойылмауына, қанат жаюына өте зор ықпал етті деп ойлаймын.

 

Адамның мінезі – адамның тағдыры

 

Сіздің сахнаға жарқырап шығуыңызға өзіңіздің талантыңызбен бірге, халықтың қолпаш-қошеметі, құрметі бар екені анық. Дегенмен, жаныңда демеп отыратын адамың болмаса, осының бәрі жоқ деген сөз. Өмірлік серігіңіздің қолдауы көп болған деп естиміз.

– Әрине, оның еш құпиясы жоқ, біріншіден құдайдың берген дарыны. Талантың болмаса, сөз сайыс жолына түсе алмайсың. Екіншіден, сол жолда жүргеніңде, сен танымал болып халықтың бір құрметіне бөленуің, солардың есінде қалуың, соларға бір ләззат сыйлау дегеннің өзі – шеберлігің. Оның бәрі былай айтқан кезде солардың жиынтығынан тұрады. Сөз мәдениеті, әні, синкреттік өнер деп айтамыз. Домбырасының үйлесімі, ойдың ұшқырлығы, импровизация, бірден іліп алу, бірден жауап беру деген сияқты. Көрермен деген ақылсыз емес. Мысалы, зал толы адамды «тобыр» деп қабылдау дұрыс емес. Алдымен, сенің өнеріңді қадірлейтін, сөздің бағасын білетін көрерменің деп бағалауың керек. Әрине, солардың көңілінен шықсаң ғана сен халықтың есінде қаласың. Соның бәріне сай бола білу, ол бірінші адамның өзінің жеке мінезіне байланысты. Сол сахнаға жетуіңе, әрине, үйдегі жолдасыңның, жүрегіңнің иесінің кеңдігі өте үлкен рөл атқарады. Кейбір замандас қыздардың, бір-екі айтыстан кейін шықпай қалған кездері болды. Олардың өнері сарқылып қалғандықтан емес, үйіндегі кикілжіңнен шыға алмады. Сол адамның жеке басын алып жүру жауапкершілігі деген тағы бар. Оған бәлен-түген деп кінә артуға болмайды, не себепті ондай мәселелер қозғалатынын біз білмейміз. «Әр жанұя өзінше бақытты, бірақ әр қайсысы әртүрлі бақытсыз» деген Толстойдың сөзі бар. Сол сияқты әркімнің өзінше бақытты екенін білесің, бақытсыздықтың жұмбағын ешкім білмейді.

Ат төбеліндей бес-алты қыз-келіншек айтыстың сахнасында жүрдік, еліміз бойынша сонша ақын қыз бар деген сөз емес. Әлі де ақын қыздар көп емес. Кейбірінің жолы болмай жатыр, жолдарын кесуі мүмкін, біреулер шарт қойып жатыр деген сияқты болуы әбден мүмкін. Сондықтан ең бірінші адамның өзінің жеке басының жауапкершілігіне байланысты. «Адамның мінезі – адамның тағдыры» деп бекер айтпайды. Сен өзіңді ортада қалай қойсаң, сені солай қабылдайды. Егер өзіңді жеңіл көрсетсең, солай қабылдайды, ал егер өзіңді ұстай білген адам болсаң, сені салмақты қабылдайды. Сахнада жүруің, жүрмеуің соған көп байланысты деп ойлаймын.

 

«Сахнада сыртым суық көрінгенмен…»

 

Сізді айтыстарда қатал, сұсты көрінеді деп жиі сынға алады екен. Өзіңіз қалай қабылдадыңыз? 

– Әзілхан Нұршайықов ағамыз осы жөнінде «Қазақ әдебиеті» газетіне де жазған. Ол кезде айтыс өткен кезде газет беттеріне жарыса жазып, соны талдайтын. Оның пайдасы көп еді. Қазір айтыста кімнің не айтып, не қойғаны біреудің есінде бар, біреудің есінде жоқ. Ол кезде «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақ әдебиеті» бәрі жарыса жазып жататұғын. Соның біреуінде мені айтыста қаталсың, маған айтылатын сын сөздердің, қарсыласымның бәрінің айтқаны сол болды. «Қардың қызысың», «қатып қалғансың», «сұп-суықсың» деген сөздеріне бір жағынан етім де үйреніп кетті. Соны Нұршайықов ағамыз Әсия қарындасымыз айтысқанда қаһарланып, қатуланып қарсыласына сес көрсетіп отырады деп жазған-ды. Менің шынымда да ар жағымда сес көрсету жоқ, табиғатым сондай адаммын. Маған оның сөзін тыңдау керек, сондай жауап дайындап отыру керек деген сияқты. Солай көрінген шығармын. Сондықтан тоқсаныншы жылдың бір айтысында дәл алдымда

Нұршайықов ағамыз отыр екен. Сол айтыста ағамызға қарап отырып:

«Шыға алмай кейде көптің тілегімен,

Іліккен сынға жанның бірі едім мен.

Сахнада сыртым суық көрінгенмен,

Елжіреп отырамын жүрегіммен.

Айтыс деп қонғанымда атқа құдай,

Жүремін жалғандықтан сақтанып-ай.

Жанашыр жаны жайсаң жандарменен,

Жымиып оқ атқаннан сақта құдай!» – деп, жасандылық емес, өзімнің табиғатым осындай екендігін жеткізген болатынмын.

«Қарағанда тартпайтын түрі-реңі,

Суық дейді екінің бірі мені,

Мінім де, мінезім де осы менің,

Суық дей берсін екінің бірі мені», – деген де өлеңім бар. Табиғатым сондай, не істеймін?

Тағы бір айтысыңызда қайны мен жеңге болып сөз қағыстырғанда да, өңіңізді бермедіңіз. 

– Ол Есенқұл Жақыпбековпен

Жамбылдың 150 жылдығында болған айтыс. Менің ойымда ештене жоқ. Есенқұл марқұм Жамбылдың ауылынан. Жамбыл кезінде Әбділда Тәжібаевтың шешесі

Айкүміспен айтысқан.

«Демессің жерде тұрып айды құштым,

Мәзірін жасайықшы жайлы істің.

Әдемі келісті айтыс жасайықшы,

Жамбылмен айтысындай Айкүмістің», – демесі бар ма.

Жамбыл атамыз Айкүміс шешемізбен айтысқан кезде, шатақ шал болған болуы керек, әзілдеп Айкүмістің төсіне қолын жүгіртіп, «Ұстатшы көз көргенді өртеңгірді» – дегені бар, сол есіне түсіп кетті. Маған сонда Есенқұл былай демесі бар ма:

«Кешегі өркештенген өртеңгірің,

Бүгінде қарап тұрсам былық-сылық», – дейді. Үндемей қалсам, тағы болмайды. Ашулансам да бәле. Қазылықта Әбіш Кекілбаев бастаған кіл мықтылар отыр.

«Паһ, шіркін, қыздар басын иіп кеткір,

Мәртебең әзілменен биіктеп тұр.

Өңмеңдеп өртеңгірге көзің түсті

Түбінде өртеңгірдің күйіп кеткір!

Отырсың қыңыр сөзден қорған құрап,

Жарамас бұл әзілден қалған жырақ.

Өртеңгір былқ-сылқ етпей несі қалды,

Үш бала сусын қылып сорған бұлақ.

Есенқұл жігіттердің қуысың-ай,

Салмақты сап алтынның буысың-ай.

Қырықтан шыққан саған өркештенген

Өртеңгір түсе бермес уысың-ай».

Сонда айтқаны ғой:

Қыз шіркін көрінеді көк жемістей», «Қырықта тыныш жүрсең сол жеңістей, – деп қыздан гөрі қырық жаста жеңгем жарасымды, деп аяқтаған болатынбыз. Және:

«Тапқандай сұлу сөздің сен жүйесін,

Шаттанып шамырқанып шениесің.

Қырықта кең кебісті иеленсең,

Жамбылдай жүзге келсең не киесің?», – деп сол жолы сөз тауып, жеңіп кеткен едім. Жұрттар артынан шыққаннан кейін мәз боп: «Ойбай, Әсия да әзілдеседі екен, бұрын «Күлмесханның қызы» деп ойлайтынбыз» деп сүйкеп өтетін. Есенқұлдың ойламаған жерден сондай әзілдерді тауып айтып қалатын жерлері бар еді.

– Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу