Әлемдік әріптестік – өңірлік даму кепілі

Әлемдік әріптестік – өңірлік даму кепілі

 АҚШ-тан «Агромашқа» дейін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа ресми сапары – Қазақстанның халықаралық беделін арттырумен қатар, еліміздің өңірлік дамуына тың серпін берген тарихи оқиға болды. Вашингтонда өткен жоғары деңгейдегі келіссөз нәтижесінде жалпы құны 17 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды.

Айтулы келісімдердің аясында энергетика, инновация, ауыл шаруашылығы мен машина жасау салаларына шетелдік инвестиция тарту көзделген.

Осы бағыттағы ең маңызды жобалардың бірі – Қостанай облысында жүзеге асырылып жатқан «АгромашХолдинг KZ» базасында ауыл шаруашылығы техникасын өндіру бастамасы.

Президент Тоқаев пен АҚШ Президенті Дональд Трамптың келіссөздері нәтижесінде бекітілген жаңа серіктестік бағыттары еліміздің аграрлық аймақтарына, соның ішінде Қостанай облысына зор мүмкіндік әкелуде. Мемлекет басшысы атап өткендей, халықаралық серіктестіктің түпкі нәтижесі – өңірлердің тұрақты дамуы мен халықтың тұрмыс сапасын арттыру.

 

John Deere – Қостанай өндірісін жаңа деңгейге көтерген жоба

Қостанай облысында қолға алынған John Deere және «АгромашХолдинг KZ» арасындағы стратегиялық серіктестік бүгінде өңірдің индустриялық дамуында маңызды рөл атқарып отыр.Құны 2,5 миллиард доллар болатын жоба ауыл шаруашылығы техникасын құрастырумен қатар, отандық өндіріс әлеуетін жаңа сатыға көтерді.

«АгромашХолдинг KZ» Президенті Динара Шүкіжанованың мәліметінше, биылғы мамыр айынан бері кәсіпорында 290-нан астам заманауи трактор мен комбайн құрастырылып, жыл соңына дейін тағы жүз бірлік техника өндіру жоспарланған. Бұл – Қостанай облысын Қазақстанның агроиндустриялық орталығы ретінде нығайтуға бағытталған нақты қадам.

Аталған жобаның жүзеге асуына облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың да айрықша үлесі бар. Облыс басшысы Ел Президентінің тапсырмаларын жүйелі орындап, инвесторлармен тығыз байланыс орнатып, өндірістік инфрақұрылым мен кадр даярлау ісін үйлестіріп келеді. Нәтижесінде Қостанай – шетелдік серіктестер үшін сенімді әрі ашық өңірлік алаң ретінде танылып келеді.

 

Инвестиция мен технология – ауыл экономикасының тірегі

Заманауи техника мен инновациялық әдістер аграрлық өңірлердің еңбек өнімділігін арттырып, шаруашылық шығынын азайтуы тиіс.Бұрын шетелден жеткізілетін техника енді Қостанайда құрастырылып, отандық шаруаларға қолжетімді бола бастады. Мұндай өндірістің артықшылықтары айқын:жергілікті жұмыс орындары ашылады;жастарға жаңа мамандықтар үйретіледі;қызмет көрсету және жөндеу орталықтары іске қосылады;салық түсімі мен аймақтық кіріс артады.

Ауыл шаруашылығына арналған техника өндірісінің кеңеюі – Қостанай облысының ғана емес, еліміздегі барша жер еміп нәпәқасын айырып отырған шаруалардың аграрлық әлеуетін күшейтері анық.

 

Әулиекөл – әлемдік әріптестіктің игілігін көретін аудан

 Әулиекөл ауданында астық өсіру, мал шаруашылығы мен қайта өңдеу салалары қатар дамып келе жатқаны баршаға мәлім.Өңірдегі шаруалар жаңа буын техникасын пайдалану арқылы өнім сапасын арттырып, еңбек шығынын едәуір азайта алады.

John Deere жобасы тек өндіріс қана емес, ауыл жастары үшін де білім мен тәжірибе мектебі болмақ.Келешекте техникалық колледждер мен сервистік орталықтар жанынан оқыту базалары құрылып, ауылдық кадрлардың кәсіби деңгейін арттыруға мүмкіндік туады.

Бұл бағыттағы жұмыстар мемлекет басшысының «Өңірлердің теңгерімді дамуы –тұрақтылық негізі» деген стратегиялық ұстанымымен үндесіп жатыр.Шетелдік инвестицияның нақты пайдасы – осындай аудандардың дамуы арқылы өлшенеді.

Жалпы айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа ресми сапары Қазақстанның халықаралық беделін күшейтіп қана қоймай, өңірлік экономиканы жандандыруға нақты әсер етті.Қостанай облысында жүзеге асып жатқан «АгромашХолдинг KZ – John Deere» жобасы – осы сапардың тікелей жемісі.

Тобыл-Торғай өңірінде жүзеге асқан әр жоба –ауылдың өркендеуіне, елдің әл-ауқатына қызмет ететін стратегиялық инвестиция.Сондықтан әлемдік әріптестік – өңірлік дамудың, ал өңірлік даму – елдік өркендеудің кепілі.

Жұматай Кәкімжанов