Ұшқышсыз ұшыру аппараты облыс орталығына жетті 

Ұшқышсыз ұшыру аппараты облыс орталығына жетті 

Облыста жол-көлік оқиғаларының себептерін талдау нәтижелері көрсеткендей, жыл басынан бері өңірде жаяу жүргіншілерді қағып кетудің 375 фактісі тіркелген. Соның салдарынан 10 адам қаза тауып, 388 адам түрлі дәрежеде жарақат алған.

Осыған байланысты облыстық полиция департаментінің қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы аясында жаяу жүргіншілердің қамына кірісті. Жол ережелерін бұзу деректерін анықтайтын ұшқышсыз ұшу аппараттарын қала ішінде пайдалануды қолға алды.

«Қала ішінде көлік жүргізушілері адамдарды жаяу жүргіншілер жолағынан өткізбей, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Жыл басынан бері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 600-бабы бойынша 3214 құқық бұзушылық тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға көп», – дейді Әкімшілік полиция басқармасы үгіт-насихат бөлімінің аға инспекторы Махаббат Құсайын қолға алынғалы тұрған шараның себебін түсіндіріп.

Сөйтіп діттеген уақытта ұшқышсыз ұшу аппараттары әуеге жіберілді.

Айтып ауыз жиғанша, орталықтан КСК шағын ауданына бағыт алған сегізінші маршруттың жүргізушісі Тәуелсіздік даңғылы мен Қасымханов көшесінің қиылысында әй-шайға қарамай жаяу жүргіншіден бұрын жолақты кесіп өте шықты.

blank

«Бұл бап бойынша ереже бұзғандарға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген, қайталанған жағдайда 15 АЕК көлемінде беріледі. Заң ондай жүргізушіні куәлігінен айырып, қайта емтихан тапсыруға мәжбүрлейді. Бұрын мұндай әдіспен құқық бұзушылықтарды тіркеу қала сыртындағы жолдарда жүргізілсе, енді бұл тәсілді пилоттық жоба аясында облыс орталығында, елді мекендерде, яғни жаяу жүргіншілерге қатысты ережелердің бұзылуын анықтау үшін қолдануды жөн көрдік», – дейді полиция лейтенанты Ерлік Сұрағанов.

Полиция қызметкерінің айтуынша, осы тәсіл қолға алынғалы қара жолдарда тәртіп бұзу азая бастаған.

blank

«Қатаң қадағаланбаса, жүргізушілер тас жолда өздерін тым еркін сезінеді. Төбеден бақылау жүргізу аса жауапкершілік жүктейді. Біздің басты ұстаным хаттамаға істі жеткізбей, қауіпсіздіктің алдын алу», – дейді Ерлік Сұрағанов.

Жедел іске кіріскен топтың қажетті құралдармен жабдықталуы үнемі департаментінің бақылауында.

«Әзірге қолданыста 10 дрон бар. Біздің инспекторлар Шырақбек Қабылбаев атындағы ішкі істер министрлігінің академиясында оқудан өтіп, ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару бойынша сертификат алған.Қазақстанның барлық өңірлерінен келген патрульдік полиция инспекторлары үшін дронды басқару дағдыларына оқыту бойынша жаңа курс басталып кетті», – дейді полиция департаментінің баспасөз хатшысы Карина Базарбаева.

Мына сұмдықты қараңыздар, қазірдің өзінде дрондардың көмегімен қарсы жолаққа шығудың 78 дерегі анықталып үлгеріпті.

 

Айбек ЖҮЗБАЙ