Қостанайдағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар мектеп-интернатының өкілдері үлкен спорттық дода алдында тұр. Олар алдағы уақытта Жапонияның астанасы Токиода өтетін ХХҮ халықаралық сурдлимпиадаға қатыспақ.
Сурдлимпиада алдындағы дайындық кезеңі Алматы қаласында өтті. Бұл жиын он күнге созылды.
Қазақстан құрамасы сапында үстел теннисінен Қостанай облысының төрт жас спортшысы бар.
Байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын Қанат Қоңқубаев, Данияр Ескендіров, Абылай Бүркітбай және Бижан Төлебаев сынды спортшыларды тәжірибелі бапкер Серік Исламұлы жаттықтырып келеді. Мектеп-интернатының басшысы қызметін де қатар алып жүрген, қарапайым жан.

«Біз бұл жарысқа үш жыл бойы дайындалдық. Осы уақыт аралығында үш оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Соңғысы Алматы қаласында өтті. Қазір барлық инвентарлар сатып алынды, спортшылардың дайындық деңгейі жоғары», – дейді Серік Исламұлы.
Команда құрамы бұған дейін екі мәрте халықаралық додадан қола жүлдемен оралған. Алғаш рет Түркияда өткен сурдлимпиадада жүлдегер атанса, төрт жыл бұрын Бразилияда сол жетістікті қайталады.
«Жарыста нәтиже көбіне жеребеге байланысты. Өткен жылы Малайзияда өткен жарыста біз Қытай құрамасымен кездесіп, бесінші орынға табан тіредік. Бұл жолы биік белесті бағындыруға тырысамыз», – дейді Серік Исламұлы.
Қостанайдағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған интернатта үстел теннисімен айналысу дәстүрі жиырма жыл бұрын басталған. Осы жылдар ішінде талай спортшы өсіп-өніп, ел намысын халықаралық аренада қорғап келеді.

Қанат Қоңқубаев пен Данияр Ескендіров – еліміздің бірнеше дүркін чемпионы. Бүгінде өздері де жас спортшыларға тәлім беріп жүрген жаттықтырушылар. Қанат – Ұзынкөл ауданының тумасы, Данияр – Әулиекөл ауданының Диев ауылынан. Ал спорт шебері атанып үлгерген Абылай Бүркітбай – Тобыл қаласынан, Бижан Төлебаев – Қостанай қаласының жас үміті.
Қазіргі тәжірибелі спортшылардың қатарын жаңа буын толықтырған. Мәселен, 18 жасқа енді толған Бижан Төлебаев алғаш рет халықаралық деңгейде бақ сынамақ.
«Алдыңғы буын ағаларымның ойнағанын көріп, қызығатынмын. Осыны бүгінгі бапкерім бірден аңғарып, дайындыққа шақырды. Қолыма алғаш ракетка ұстатты. Біліктілігінің арқасында құрамаға алындым», – дейді ол.
Дегенмен, табыс жолында қиындықтар да аз болмапты. Көп жылдар бойы спортшылар тұрақты жаттығу залының жоқтығын сезінді.

Қазір олар КСК шағын ауданындағы шағын спорт залда дайындық өткізеді. Мұнда теннис ойнауға арналған бар болғаны төрт үстел бар.
«Біз ұзақ жылдар бойы мүгедек жандардың спортпен айналысуына жасалған тұрақты жағдайды күттік. Қазір, бақытымызға орай, Қостанай-2 ауданында жаңа спорт кешенінің құрылысы басталды. Бұл – біздің балалар үшін үлкен қуаныш», – дейді ол.
Қостанайлық спортшыларға «Allur» зауыты демеушілік жасап келеді. Компания жас спортшылардың жаттығуына, оқу-жаттығу жиындарына қатысуына, жарысқа баруына қолдау көрсетіп жүр.
«Біздің жеңістен бөлек мақсат-ұстанымымыз бар, – дейді бір сөзінде бапкер. – еліміздегі ерекше қажеттіліктері бар балаларға сенім мен мотивация сыйлау. Ең бастысы – еңбектің еш кетпейтінін дәлелдеу».
Сурдлимпиадада Қостанай облысынан тағы екі спортшы жеңіл атлетикадан ел намысын қорғайды. Олар – Галина Алексеева мен Дана Медведева.
Бұл қыздар 100, 200 және 400 метр қашықтықта жүгіруден бақ сынамақ. Екеуі де бірнеше жыл бойы Қазақстан чемпионаттарында жеңімпаз атанып жүрген спортшылар.
Күні кеше олимпиадалық даярлау орталығында XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасын салтанатты түрде шығарып салу рәсімі де өтті.

Іс-шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің президенті Серік Сапиев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов қатысқанын айта кетейік.
Онда министр Қазақстанның Мемлекеттік Туын ұлттық құрама командасына салтанатты түрде табыс етіп, спортшыларға сәттілік, жарқын жеңістер тіледі.

«Жазғы Сурдлимпиада ойындары – елдің спорттық әлеуетін көрсететін маңызды алаң. Сіздердің ерік-жігерлеріңіз бен қайсар мінездеріңіз адам мүмкіндігінің шексіз екенін дәлелдейді. Миллиондаған адамдар сіздердің табандылықтарыңыздан шабыт алып, өмір сынақтарын еңсеруді үйренеді. Бүгін табысталатын Ту – ел бірлігі мен жеңістің символы. Сіздердің халықаралық аренада еліміздің абыройын асқақтатып, көк байрағымызды биікте желбірететініңізге сенімдімін», – деген еді Ербол Мырзабосынов.
Министр өз сөзінде елімізде спортшылардың сапалы дайындалуы үшін барлық жағдай жасалып жатқанын да атап өтті.

«Бүгінде елімізде спортшылардың сапалы дайындалуы үшін барлық мүмкіндік жасалған. 2029 жылға дейін 113 жаңа спорт нысанын салып, 26 нысанды жаңғырту жоспарланып отыр. Алматы облысындағы Олимпиадалық дайындықтың заманауи базасында 2 300 спортшы бір мезетте жаттыға алады. Сонымен қатар, өңірлерде «100 жылдам салынатын спорт нысаны» жобасы табысты іске асуда – соңғы бір жылда 25 жаңа кешен пайдалануға берілді. Елордада салынып жатқан Ұлттық спорт университеті болашақта спорт саласындағы кадрларды үздіксіз даярлау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді министр.
Туды табыс ету құрметі сурдо дзюдодан Қазақстан Республикасының спорт шеберлері, XXIV жазғы Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлері Айдос Түгелбаев пен Анна Крамороваға бұйырды.

Жапонияда өтетін дүбірлі дода – қостанайлық спортшылар үшін үлкен мүмкіндік. Еліміздің Көк Туын биікте желбіретіп, абыроймен оралу – олардың басты арманы.
Айбек ЖҮЗБАЙ
